Қоғам

Ардагерлер клубына 30 жыл толды

Уақытын қызықты әрі пайдалы өткізетін жандардың ұйымы. Биыл ардагерлер клубының құрылғанына 30 жыл толды. Бірлестікке ондаған қария мүшелік етіп, өңірде ұйымдастырылып жатқан шараларға атсалысады екен.

Қарттық жеке куәліктегі сандармен шектелмейді. Жаның жас болса, өзің де жассың дейді жиылғандар. Бірақ, қоғамның құрмет көрсетіп “қария” дегендеріне олар ренжімейді. Осыдан 30-40 жыл бұрын бұл аталар мен әжелер 8 сағат жұмыс істеп, кешке киноға асығатын. Кейін достарымен кездесіп, көңілді уақыт өткізетін. Содан бері өзгерген дүние көп емес. Бар болғаны енді аға буын өкілдері еңбек демалысына шықты. Бірақ, баяғыша үзеңгілестерімен бас қосып, шер тарқасады. Ол үшін облыстық ардагерлер кеңесінде арнайы клуб құрылған. Биыл дәл осы ұйымға 30 жыл толып отыр.

Әдия Ахметова – облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру-әдістемелік комиссиясының төрайымы:

– Жұмыс істеген жерлері жоқ. Ұжымдары тарап кеткен. Кей басшылар оларға көңіл бөле алмайды. Сондықтан, осыны толықтыру үшін қарияларымыз жиналып, уақыттарын бірге өткізеді.

Қарияларға арналып бірнеше үйірме жұмыс істейді. Күміс көмей әншілер хорға қатысып, түрлі іс-шараларға атсалысады. Ал, қолдары алтын жандар құрақ-көрпе тігіп, киім тоқиды, сурет салады. Спорттан да бұл жандар қалыс қалмауға тырысады екен. Осылайша, зейнет жасын дос-жарандарының ортасында қызықты өткізуде. Аса белсенділік танытатын ардагерлер бүгін марапатқа да ие болды. Еңбегі еленгендердің арасында Грозновтар отбасы бар. Ерлі-зайыптылардың отау құрғандарына 32 жыл болыпты. Содан бері қол ұстасып екеуі талай қызықты бастан өткерген.

Владимир Грознов:

– Валентина менің қарындасымның құрбысы болатын. Анамыздың туған күні болғанда екеуі бірге келді. Бір көргеннен ғашық болдым. Жарты жылдай кездесіп жүрдік. Кейін отау құрдық. Бір рет те ұрсысып, жанжалдасқанымыз жоқ. Ұл тәрбиеледік. Екі немереміз бар.

 Валентина Грознова:

– Зейнетке шыққанда мен еңбектенген кәсіпорын жабылды. Ұжым жан-жаққа тарап кетті. Сөйтіп, 92-ші жылы ардагерлер клубына келдім. Ұйымның барына қатты қуаныштымын. Сол кезде 12 айдан соң күйеуім де еңбек демалысына шықты. Содан бері мұнда жиі келіп тұрамыз. Барлық шараларына қатысамыз.

Бүгінде тұрақты түрде 30 шақты қария ардагерлер клубына мүшелік етеді екен. Мерекелерінде олардың 10-ы марапатқа ие болды. Кейін ата-әжелеріне арнап жергілікті өнер ұжымдары шағын концерт ұсынды.

Эльмира Садвокасова