Мәдениет

Жерлесімізге дауыс берейік

9 жастағы Дана Баскенова республикалық “Бала дауысы” байқауында өңір намысын қорғайды. Жас әнші үшін жерлестерінің қолдауы аса маңызды. Жеңімпаз қазанның 22-сі мен 26-сы күндері онлайн дауыс берудің нәтижесінде белгілі болады. Қазіргі күні жеткіншек алдағы сайысқа қызу дайындық үстінде.

9 жастағы Дана Баскенова күн сайын тынымсыз жаттығады. Себебі, ол қазір жауапты сайысқа дайындалып жатыр. Жерлесіміз «Бала дауысы» ұлттық ән байқауының республикалық кезеңінде өңіріміздің намысын қорғайтын болды.

Ботагөз Маметова – “Айналайын” ансамблінің жетекшісі:

– Дананың дауысы зор. Бұған дейін көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінген болатын. Бұл жолы да дәл солай болды. “Бала дауысы” байқауына Данамен бірге үш жыл дайындалдық. Облыстық кезеңнен сүрінбей өтті. Енді алда финал бар. Онда бас жүлдені жеңіп алатынына сенімдімін.

Жалпы, Дана кішкентайынан бастап ән айтады. Ол киелі сахнаға шығып, би билеп, ән айтып, көрермендердің қошеметіне бөленгенді жақсы көреді.

Дана Баскенова – “Бала дауысы” байқауының қатысушысы:

– Мен облыстық байқауға қатысқан кезде аса қорқыныш сезімі болған жоқ. Сахнада өзімді сенімді ұстадым. Және жеңіске жететініміне күмәнданған жоқпын.

Роза Рымбаеваның бұл әнімен Дана облыстық кезеңде өнер көрсетіпті. Ақтық кезеңде талап күшті. Ол үшін басқа композиция керек. Байқауға қатысушылар өз тәлімгерлерінің авторлық әнін орындауы тиіс. Бұл жолы Данаға Әділжан Омаров ұстаздық етеді.

Дана Баскенова, “Бала дауысы” байқауының қатысушысы:

– Әділжан Омаровты бұрыннан білемін. Дәл сол кісі менің тәлімгерім болатынына қуаныштымын.

Сахнада үздік өнер көрсетіп, қазылар алқасының ғана емес көрермендердің де көңілінен шыға алу қажет. Осы ретте вокалдан сабақ беретін оқытушымен бірге дайындалып, дауысты реттеу бойынша көп жұмыс жасау маңызды.
Жеңімпаз интернет арқылы дауыс берудің нәтижесінде белгілі болады.

Ботагөз Маметова, “Айналайын” ансамблінің жетекшісі:

– Мүмкіндікті пайдалана отырып, көрермендерге Данаға дауыс беріңіздер деп айтқым келеді. Ол біздің облысымыздың намысын қорғамақшы. Конкурста гран-при иегері атанады деп үміттенемін.

Байқау Алматы қаласында өтеді. Ал дауыс беру қазанның 22-сі мен 26-сы күндері аралығында жүргізіледі.

Бердимурат Баймухан