Өнеркәсіп

Жергілікті кәсіпорын байқауда бақ сынайды

Әдемі әрі сапалы, бастысы бағасы қолжетімді. Жергілікті “Мектеп және балалар киімінің тігін фабрикасы” оқушы формасының түр-түрін дайындап шығарады. Жуырда кәсіпорын “Қазақстанның үздік тауары” байқауының өңірлік кезеңіне қатысып, 1-ші орынды иеленген. Енді шеберлер Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық сайысқа дайындалып жатыр.

“Адам көркі – шүберек” демекші, өзіне жарасымды киім киген жан бірден көзге түсері сөзсіз. Ал мұндағы талай жылдық тәжірибесі бар мамандар – әдемі киім тігудің шеберлері. Ирина Глобова матаға үлгінің пішінін түсіріп жатыр. Кейін оны мынадай құралдың көмегімен кесіп шығады. Бұған Иринаның шамамен 1 жарым сағат уақыты кетеді екен.

Ирина Глобова – “Мектеп және балалар киімінің тігін фабрикасы” ЖШС пішу цехінің басшысы:

– Біз кішкентай қыздардың сарафанын дайындап жатырмыз. Киімнің біркелкі қиылуы үшін ең алдымен пішінін дұрыстап сызып алу керек. Өйткені, бұл жұмыстың маңызды бөлігі болып саналады. Егер шамалы қателікке жол берсем, ары қарай іс барысында белгілі бір қиыншылықтар туындауы мүмкін.

Дайын болған матаның қиындылары цехтың мына бөлігіне жіберіледі. Мұндағы мамандар кесінділердің әр сантиметрін өлшеп, жұмыстың орындалу сапасын жіті тексеріп шығады. Кейін оларды қатарласып орналасқан тігіншілерге ұсынады. Бұл жердегі 10-нан астам қызметкердің бірі – киімнің қалтасын, екіншісі жеңін немесе балағын тігеді. Осылайша, толығымен әзірленген тауарды үтіктеп, қораптарға орналастырады.

Надежда Мясникова – “Мектеп және балалар киімінің тігін фабрикасы” ЖШС өндіріс цехінің басшысы:

– Кәсіпорнымыз негізінен балалардың киімдерін тігумен айналысады. Біз қыздардың белдемшесін, жейдесін, сарафан және жемпірлерін әзірлейміз. Ал, ұл балаларға арнап шалбар, пиджак, желеттер тігеміз. Мұндағы тауарлардың өлшемі 28-ден басталып 58-бен аяқталады.

Жуырда жергілікті кәсіпорын “Қазақстанның үздік тауары” байқауының өңірлік кезеңіне қатысыпты. 40-тан астам өндіріс орны бақ сынасқан сайыста “Мектеп және балалар киімінің тігін фабрикасы” 1-ші орынды иеленген. Енді келесі республикалық кезең Нұр-Сұлтан қаласында қазанның 11-і ұйымдастырылмақ.

Әлия Башеева – “Мектеп және балалар киімінің тігін фабрикасы” ЖШС директоры:

– Біз материалдарды Түркия мен Өзбекстаннан алып келеміз. Қазанның 6-ы “Қазақстанның үздік тауары” атты конукрсқа қатысып бірінші орынды алдық.

Кәсіпорында әзірленетін киімдер сапалы әрі бағасы да қолжетімді. Мәселен, бір тауардың құны 5 мың теңгеден басталып 10 мың теңгеге дейін тұрады. Киімнің түрі мен қалтаның қалыңдығына байланысты таңдап алуға болады.

Маржан Касымбек