Қоғам

“ҚазСуШар” РМК СҚФ экс-директоры 4 жылға сотталды

4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгін “ҚазСуШар” мекемесі филиалының бұрынғы директоры Серікжан Жақаевқа қатысты сот үкімі шықты.

Үстіміздегі жылдың көктемде жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері аталған кәсіпорынның экс-басшысын бюджет ақшасын жымқыру фактісі бойынша қолға түсірген болатын. Шенеунік филиал қызметкерлерінің атына жалған іссапарлар рәсімдеп, жолға берілетін ақшаны өзіне алған. Тағы мемлекеттік сатып алулар мен жұмысшыларға сыйақы беруге бөлінген бюджет қаржысын да қалтасына басып отырыпты. Жалпы, мемлекетке келтірілген шығын 7 млн теңгені құраған. Судья Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған Серікжан Жақаевқа қатысты сот үкімін жариялады.

Михаил Гусев – Петропавл қалалық сотының судьясы:

– Сот Серікжан Жақаевты айыпты деп танып, оған ҚР Қылмыстық Кодексінің 189-бабы 3-бөлігінің 1,2-тармақтары бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Серікжан Жақаевқа мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқаруына өмір бойына тыйым салынады.

Дана  Ешкенова