Қоғам

10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні

Қазанның 10-ы – Қазақстан кәсіподақтары күні. Бүгін осы орайда облыс орталығында мерекелік іс-шара өтті. Жиынға кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты. Олардың арасында 100-ге жуық азамат кәсіподақ қозғалысының дамуына үлес қосып, белсенді қызмет еткені үшін құрметке бөленді.

Бүгінгі күні өңірімізде 62 мың адамның басын біріктірген 1000-нан аса кәсіподақ ұйымы бар. Олар көп жылдардан бері еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтап, жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында алтын көпір ретінде өз функциясын атқарып келеді.

Гүлнәр Қасымова – мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің облыстық кәсіподағының төрайымы:

–  Облысымызда кәсіподақ қозғалысы дамып келе жатыр. Әр ұйымда кәсіподақ қозғалысы болу керек. Бұл жайында өңір әкімі Құмар Ақсақалов та айтқан болатын.

Алқалы жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев кәсіподақ ұйымдарының қоғамда атқаратын маңызы зор екенін тілге тиек етіп, жиналған жұртты төл мерекелерімен құттықтады.

Асқар Сақыпкереев – облыс әкімінің орынбасары:

– Кәсіподақ – бұқаралық қоғамдық ұйымдардың бірі және қоғамның саяси жүйесінің ажырамас бір бөлігі.

Сондай-ақ салтанатты шара барысында кәсіподақ қозғалысының дамуы жолында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зор үлес қосқан ардагерлер мен белсенді қызмет еткен 100-ге жуық азамат медаль, алғыс хат және грамоталармен марапатталды. Солардың бірі – Төлеген Қабдөшев. Ол мемлекеттік кірістер саласында 26 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Төлеген Қабдөшев – СҚО мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:

– Кәсіподақ ұйымдары қызметкерлердің құқығын қорғауда зор үлес атқарады. Мен де мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы бола отырып, осындай ұйымдардың қатарын нығайтуға атсалысатын боламын.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Бердимурат Баймухан