Спорт

Теріскейлік гимнастшылар республикалық додада жүлделі орыннан көрінді

Қыркүйек айының 25-і мен 30-ы күндері аралығында Қарағанды қаласында көркем гимнастикадан ел чемпионаты өткен болатын. Аталған сайыста еліміздің түкпір-түкпірінен 19 команда бәсекелесті. 5 күнге созылған дүбірлі додада теріскейлік жеткіншектер жүлделі орыннан көрініп, күміс және қола медаль еншілеп қайтты.

Мына қаршадай қыздар таңғы 9-дан бастап кешкі сағат 8-ге дейін осы залда шынығады. Яғни, күніне 8 сағат дамыл таппай еңбектенеді. Қазір гимнастшылар ел чемпионатындағы өнерін қайталап жатыр. Қыздар сайыста осындай командалық жаттығу көрсетіпті. Мұндағы басты талап – біркелкілікті сақтау. Спортшылардың ешқайсысы да қате жібермеуі керек. Бұл спорт түрі сырт көзге нәзік болып көрінгенімен көп қажырлықты талап етеді дейді жаттықтырушы Юлия Колесникова.

Юлия Колесникова – жаттықтырушы:

–  Бұл кішкентай қыздарды 5 жасынан бастап жаттықтырып келемін. Ел чемпионатына көп дайындалдық. Қазір олар күніне 5 сағат шұғылданады. Ал жазда мүлдем демалған жоқ. Күніне 8 сағаттан жаттығу жасады. Оңай емес, әрине. Бірақ, қыздар барлық қиындықтарға төзе білді.

Бұрымдылардың ала жаздай жасаған қажырлы еңбектері өз нәтижесін берді. Жеткіншектер қыркүйек айында Қарағанды қаласында өткен ел чемпионаты мен ел кубогіне қатысқан болатын. Аталған жарыста жеткіншектер көркем гимнастикадан жеке және көпсайыс бойынша сынға түскен. Олар лента және шеңбермен өнер көрсетіп, жүлделі орыннан көрінді. Еліміздің әр өңірінен жиналған 19 команданың басын қосқан додада теріскейлік спортшылар күміс және қола медаль еншілеп қайтты. Сондай-ақ, жас гимнастшылар өткен сайыстың нәтижесі бойынша спорт шеберіне үміткер атаныпты.

Таисия Каспанова – “Олимп” БЖСМ тәрбиеленушісі:

–  Біз жарысқа 1 айдан артық дайындалдық. Басқа балалар жазғы демалысын ойынмен өткізген кезде біз залдан шықпадық. Сайыс кезінде жаттықтырушымыз үйреткен қимылдарды қатесіз жасауға тырыстық. Осылайша жақсы өнер көрсетіп, жүлделі орыннан көріндік.

Қазір бұрымдылар жаттығуды ары қарай жалғастыруда. Олар қазан айының соңында Шымкент қаласында өтетін ел чемпионатына дайындалып жатыр.

Бердимурат Баймухан