МТРА жаңалықтары

Алдағы сенбі-жексенбіде Петропавлда су болмайды

Алдағы сенбі-жексенбі күндері Петропавлда тіршілік нәрін беру тоқтатылады. Өйткені, “Қызылжар су” құбырларды қысқа дайындамақ. Су дүйсенбінің таңында бірақ беріледі.

“Қызылжар су” шаһарды тіршілік нәрінен жылына бір рет жүйелі түрде ажыратады. Бұған етіміз үйренді. Биыл да краннан 2 күн бойы су ақпайтын болады. Сондықтан, тұрғындарға алдағы сенбі-жексенбіге қажетті су қорын дайындап қойғаны абзал. Шара-шелектердің бәрін толтырып қою артық етпейді.

Арман Сауытов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Су беруді жұмадан сенбіге қараған түні, яғни қазанның 12-сі түнгі 12-де тоқтатамыз. Ал 14-і күні дүйсенбі таңғы 6-да қайта береміз.

Су беруді тоқтату – жоспарлы шаруа. Мамандардың сөзінше, бір жыл ішінде таратушы құбырлар ластанады. Тіршілік нәрі таза, яғни сапалы болуы үшін оларды тат пен өзге де қалдықтардан тазарту керек. Жуып-шаю мен дезинфекциялау екі тәулікке жалғасады.

Арман Сауытов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Қала құбырлары бойынша жоғары жылдамдықпен хлор ерітіндісін жібереміз. Бұл ерітінді оларды 5-6 сағат бойы тазартады. Жуып-шаю құбырлардан мемлекеттік стандартқа сай таза ауыз су аққанша жалғасады.

Тазарту жұмыстары ертерек аяқталып, су жексенбінің кешінде берілуі әбден мүмкін. Әдетте солай болып та жатады. Алайда, мамандар оны тек шаруашылық мақсатта ғана пайдалануға кеңес береді. Тыңдаған құлаққа – алтын сырға, тек дүйсенбінің таңынан бастап краннан аққан тіршілік көзі ішуге жарамды болады.

Саят Ермек – тілші:

– Демалыс күндері жұмыс істейтін ауруханалар мен мектеп-интернаттарға тіршілік нәрін “Қызылжар су”-дың өзі таратады. Алайда, кей петропавлдықтардың су дайындауды ұмытып кетуі, ал кейбірінің тіпті мүмкіндігі болмауы ғажап емес. Бұл тұрғындар таза тіршілік көзін қалалық су арнасына келіп ала алады. Мұнда оның жеткілікті қоры болады.

Саят Ермек