Мәдениет

Әртістер шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып қайтты

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының өкілдері Ташкенттен оралды. Онда олар екі апта бойы Орталық Азия елдерінен келген әріптестерімен тәжірибе алмасты. Алыс жолдан оралған әртістер бізбен алған әсерлерімен бөлісті.

Орталық Азия елдерінің жас режиссерлерінің 11-ші зертханасына Қазақстанның атынан біздің жерлестеріміз қатысты. Нақтырақ айтатын болсақ, Өзбекстанға Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының режиссері Тимур Кәрімжанов пен көркемдік жетекшісі Елена Покрас барған болатын. Олар онда өзге елдерден келген әріптестерімен тәжірибе алмасты. Жалпы, аталған зертхана мамандығы бойынша өз жолын бастаған жас режиссерлердің деңгейін арттыруға және шығармашылық жобаларын іске асыруда көмек көрсетуге бағытталған.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Жас режиссерлер зертханасы Ташкент қаласындағы Ильхом театрында өткен болатын. Ондағы мақсат – театрлардың бірнеше жылға стратегиялық жоспарын құру. Жалпы, бұл зертханаға 5 мемлекеттің өкілдері қатысты. Бізден бөлек Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінен келген әртістер де болды. Олармен 2 апта бойы өзара тәжірибе алмастық.

Осы орайда алыс жолдан оралған Елена Покрас пен Тимур Кәрімжанов бүгін әріптестерінің басын қосып, дөңгелек үстел отырысын өткізді. Онда олар ұжыммен сол жақтан алған әсерлерімен бөлісті. Мәселен, жерлестеріміз Ташкенттегі ең танымал Ильхом театрында күнде док жанрында шағын спектакльдер қойып отырыпты. Қойылым шынайы оқиғаға негізделген болуы тиіс. Талап сондай және тақырыптары да өзекті дейді Тимур Кәрімжанов.

Тимур Кәрімжанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының режиссері:

– Онда біз тұрмыстық зорлық-зомбылық және суицид сияқты мәселелерді қозғадық. Тақырыптардың ашылуы көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ, біз театрдың алдағы 3 жылға арналған жұмыс жоспарын құрдық. Енді жерлестерімізді жаңа форматтағы спектакльдермен қуантпақпыз.

Айта кетейік, қазір театр ұжымы 133-ші маусымның ашылуына дайындық үстінде. Олар теріскейліктерді “Чудаки и Зануды” атты қойылыммен қуантпақ. Спектакль көрерменге қазанның 18-і мен 19-ы күндері жол тартпақ.

Дана  Ешкенова