Тұлға

Нұротандықтар 100 жасаған қарияны құттықтады

Ел бойынша қарттарды қолдау айлығы жалғасуда. Мемлекеттік органдар, саяси және қоғамдық ұйым өкілдері қазанның басынан / қариялардың үйлеріне барып, халдерін сұрастырып, материалдық көмек көрсетіп жатыр. “Nur Otan” партиясының жергілікті өкілдері жасы 100-ден асқан жандармен жүздесіп, оларға арнайы базарлықтарын тарту етуде. Кеше партия мүшелері Мария Колокольчикованың үйіне барды.

Ол 2 бірдей ашаршылық пен соғысты басынан өткерді. 100-ді еңсерсе де Мария Колокольчикова әлі тың. Тек аяғы баспай, төсекке таңылған. Ғасырлық ғұмырында кешкен бар бейнеті оның есінде. 20-шы жылдары ұжымдастыру саясаты басталғанда ол 9-да ғана болатын. Сонда отбасының бар малы тартылып алынады. Ал 30-шы жылдардағы ашаршылықта орылған егіннен қалған дәнді теріп, балық сүйектерінен қоймалжың жасап, тіпті жасыл шөп жеп күн көрген кездер болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында да тылда бел жазбай еңбек еттім дейді қария.

Мария Колокольчикова – тыл еңбеккері:

– Мен ол кезде тұрмыста болдым. Жасым 21-де еді. Күйеуім әскерде болатын. Ол сол жақтан майдан шебіне аттанып, қайтып оралмады. Ал танап басында мен таңнан қас қарайғанша қолмен егін ордым.

Кейуана екінші жұбайымен 2 ұл және 3 қызды тәрбиелеп өсірген. Қазір оның 13 немересі, 6 шөбересі және 3 шөпшегі бар. Сирек болса да олар қарт әжелерінің халін сұрап тұрады.
Мария Дмитриевна ұзақ өмірдің құпиясымен қуана-қуана бөлісті.

Мария Колокольчикова – тыл еңбеккері:

– Өз-өзіңді ұстай білу керек. Егер адам жағымсыз бір нәрсе айтса, мен үн қатпайтынмын. Қатты сөздерді көңілге алмайтынмын.

100 жасаған қарияны Қарттар күнімен “Nur Otan” партиясының өңірлік филиалының өкілдері құттықтай келді.

Гүл шоғын ғана емес, бас партия мүшелері кейуанаға азық-түлікке толы қос дорба да тарту етті. Қазанның соңына дейін жалғасатын қарттарды қолдау айлығы аясында нұротандықтар жасы 100-ден асқан теріскей қарияларын осылайша құттықтап жүр.

Саят Ермек – тілші:

– Ғасырдан астам ғұмыр кешкен солтүстікқазақстандық қариялар жыл санап сиреуде. 2017 жылы олардың саны 10-ға жуықтаса, биыл тек 6-уының ғана көзі тірі. Айлық аясында олардың бірде-біреуі назарсыз қалмайды дейді партия өкілдері.

Саят Ермек