Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Қазетөнім» кәсіпорны халықаралық көрмеде үздік атанды

«Қазетөнім» серіктестігінің тауары халықаралық WorldFood Moscow байқауында үздіктердің қатарынан көрінді. Мәскеу қаласында өткен азық-түлік өнімдерінің көрмесіне 65 мемлекеттің кәсіпорындары қатысыпты. Барлығы 600-ге жуық үміткердің арасынан теріскейлік тауарөндіруші жекелей номинацияда 3 бірдей алтын медаль ұтып алды.

Жергілікті шаруашылықтардан әкелінген жылқы, сиыр, қой, шошқа және тауық еті бөлшектеу цехына түседі. Мұнда қызметкерлер етті майы мен сүйегінен ажыратып, арнайы фарш жасайтын қондырғыға жөнелтеді.

Владимир Белов кәсіпорында 12 жыл еңбек етеді. Ол фаршты осындай машинаның көмегімен дәмдеуіштер қосып араластырады. Шұжықтың түрі мен құрамын әзірлеуге осы кісі жауапты.

Владимир Белов – «Қазетөнім» ЖШС маманы:

– Көмекшім маған фаршқа белгілі бір дәмді келтіру үшін оның рецептін жасап береді. Кейін оның барлығын «Куттер» дейтін аппаратқа салып араластырамын. Бұл машина пісірілген және қақталған шұжықтарды әзірлейді.

Шұжық жасауға ет дайын, керек компоненттердің бәрі тиісті көлемде қосылды. Енді өнімнің салмағын өлшеп, сыртын орау керек. Онымен қалыптау цехындағы мамандар айналысады. Светлана Масаловамен бірге бұл өндіріс ошағында 10-нан аса адам қызмет етеді.

Светлана Масалова – «Қазетөнім» ЖШС маманы:

– Бұрын өнімді қолмен қаптайтынбыз, қазір енді барлық қиын шаруаны осындай заманауи техника атқарады. Машина ешқандай кемшілік жібермейді. Және бұдан күніне 3 тонна ет қапталып өтеді.

Өнім жартылай дайын. Келесі кезеңде оларды термоөңдеуден өткізеді. Яғни, осындай пештердің ішінде шұжық пен етті пісіріп, қақтап шығарады. Ол үшін шамамен 5-6 сағаттай уақыт қажет. Кейін дайын болған өнімді сақтау камерасына апарады.Осы кәсіпорында дайындалған тауар түрі «WorldFood Moscow» атты 28-ші халықаралық азық-түлік өнімдерінің байқауында топ жарды.

Юлия Гончарова – «Қазетөнім» ЖШС бас технологы:

– Біздің өнім 3 номинация бойынша сынға түсті. Бірінші күні барлық тауар үлгілерін зертханаға жібердік. Онда тағамның физика-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштеріне сынама алынды. Кейін нормативтік құжаттардың сәйкестігі тексерілген соң арнайы комиссия сарапшылары тағамдардың дәміне баға берді.

Осылайша теріскейлік кәсіпорын 3 номинация бойынша 1-ші орынды ұтып алды. Көрмеге әлемнің 65 елінен 584 кәсіпорын қатысқан болатын. Барлық сыннан сүрінбей өткен отандық өнімге қазылар алқасы ең үздік деген баға берді. Нәтижесінде өндірушіге алтын медаль табысталды. Отандық брендті қалыптастыруда үлес қосып жүрген іргелі кәсіпорынның мамандары «Үздік тауар» байқауына қатысу өнімнің танымал болуына мүмкіндік береді дейді. Серіктестік қазан айының 11-і мен 12-сі күндері аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін “Қазақстанның ең үздің тауары” республикалық байқауына да қатыспақшы.

Бердимурат Баймухан