Денсаулық сақтау

Аудандық аурухана биыл 4 жас маманмен толықты

Жалпы тәжірибедегі дәрігер, педиатр, хирург және терапевт. Тайыншадағы аудандық аурухана биыл 4 жас маманмен толыққан. Емдеу мекемесінің бас дәрігерінің айтуынша, осымен кадр тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілген көрінеді.

Екатерина Олесиюк биыл ғана Қарағанды университетін тәмамдаған екен. 24 жастағы жас маман көп ойланбастан туып-өскен жерінде қызмет еткісі келетіндігі туралы шешім қабылдапты. Қазір ол Тайыншадағы көпбейінді ауданаралық ауруханада педиатр-дәрігер болып жұмыс істеуде. Айтуынша, мұндағы ұжым тату әрі тәжірибелі, бар білген-түйгендерімен аянбай бөлісуде.

Екатерина Олесиюк – Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының педиатр-дәрігері:

– Қарағанды университетінде 7 жыл оқыдым. Басында хирург болғым келді. Бірақ, кейін шешімімді өзгерттім. Кішкентай балалармен жұмыс істегім келетінін түсіндім. Мұнда келгеніме еш өкінбеймін. Аурухана барлық қажетті заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Педиатр-дәрігерден бөлек аталған емдеу мекемесіне биыл тағы 3 жас маман келген екен. Олар – терапевт, хирург және жалпы тәжірибедегі дәрігер. Жас ақ халаттыларға жұмысына тез үйреніп кетуі үшін барлық жағдайлар жасалуда.

Анатолий Рафальский – Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының бас дәрігері:

– Соңғы 3 жылда біздің ауруханаға 15 жас маман келген болатын. Олардың барлығы да осында жұмыс істеуде. Ешқайсысы аудандық емдеу мекемесін таңдағанына өкінбейді. Себебі, оларға лайықты жағдай жасалған. Әрқайсысына баспана қарастырылған және жалақылары да жақсы. Жалпы, қазіргі таңда біздің аурханада кадр тапшылығы жоқ.

Айта кетейік, қазір Тайынша ауданында 68 дәрігер жұмыс істейді.

Дана Сәлімқызы