МТРА жаңалықтары

Петропавлда азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өтті

Петропавлда сенбі күні азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған 9 ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, 8 тоннаға жуық өнім сатты. Қаланың 4 базарында жайылған жәрмеңкеде ет, сүт өнімдері, жұмыртқа мен көкөніс 15-20 пайызға арзан бағамен саудаланды.

Таңсәріден шаһар жұрты базарда жүр. Мұнда жәрмеңке өтіп жатыр. Жиналған қауым ауыл иісі бар табиғи әрі арзан өнімді жапа-тармағай сатып алуда. Аптасына бір-ақ рет өтетін жәрмеңкенің дәмін ерте келіп әкетпесе 2-3 сағатта таусылып қалады дейді көпшілік.

Күлзайра Мұқашева – зейнеткер:

– Сенбі сайын келіп тұрамын. Ет, май, сүт сияқты азық-түліктер сатып аламын.

Владимир Бахматский бал араларын өсіреді. Қазіргі күні 100-ден аса омартасы бар екен. Мына жерде тұрған тәтті бал түрлерін ол Шал ақын ауданынан әкеліпті.

Владимир Бахматский – омарташы, Шал ақын ауданы:

–  Бал жинауды көктем мезгілінен бастаймыз. Мұнда балдың«разнотравье», «күнбағыс» және «қарақұмық» деп аталатын түрлері тұр. Сондай-ақ, ұяшықтағы тәттіні де ала келдім. Тұтынушылар «қарақұмық» балын көптеп алады. Өйткені, ол хош иісті, дәмі де басқаларға қарағанда ерекше.

Денсаулыққа пайдасы мол, түрлі дертке шипа тәттілердің бір келісінің құны 1500 теңге. Кәсіпкер әр келген сайын 50 келісін әкеледі екен. Валентина Яровая балды жиі алып тұрамын дейді.

Валентина Яровая – қала тұрғыны:

– Жәрмеңкеге мен әр сенбі сайын келемін. Кеше немерем тұмауратып қалған еді. Оны емдеу үшін бүгін келіп, бал сатып алдым. Өте дәмді, сапасы да жақсы екен.

Жәрмеңкеде сатылып жатқан өнімдердің құны дүкендердегіден 15-20 пайызға арзан. Мысалы, сиыр етінің орташа бағасы – 1152 теңге, жұмыртқаның 10 данасы – 152, картоптың келісі – 104, ал бір келі май 1920 теңгеге ұсынылып отыр.

Кәлима Мұхажанова – «Тайынша сүті» серіктестігінің маманы:

–  Мына жерде 10 жылдан бері сүт өнімдерін сатып келемін. Әр келген сайын жарты тоннаға дейін тауар өткіземін.

Жәрмеңке қала бойынша 4 жерде ұйымдастырылды. Олар: “Алтын Арман”, “Дария”, “Корона” мен “Коммуналдық” базарлары. Ауыл шаруашылығы тауарларын сату үшін берілетін орын тегін. Бұл күні ет, жұмыртқа, сүт өнімдері, көкөністер мен басқа да азық-түлік түрлерінің 8 тоннаға жуығы саудаланды.
Жалпы, жыл басынан бері облыс орталығында осындай 148 жәрмеңке өткізіліп, 205 млн теңгенің тауары сатылған.

Бердимурат Баймухан