Қоғам

Петропавлда алғаш рет жұмыртқа фестивалі өтті

Шаһарда “Скорлупино” атты жұмыртқа фестивалі өтті. Оған жергілікті кәсіпорын өкілдері қатысып, өнімдерді төмен бағамен ұсынды. Сондай-ақ, жұмыртқадан көпшілік біле бермейтін түрлі тағамдар әзірленіп, тұрғындарға тегін таратылды.

Қаладағы сауда орталықтары мен дүкен сөрелерінде жұмыртқа 200 теңгеден жоғары тұрады. Ал мұндағы баға 160-180 теңге. Шараға қатысушы 3 кәсіпорынның әрқайсысының өз тұтынушылары бар, өнімдері деген сұраныс та мол. Солардың бірі – “Алекри Фирмасы”.

Владимир Ланг: «Алекри Фирмасы» ЖШС менеджері, Қызылжар ауданы:

– Шараға қатысу туралы ұсыныс түскен кезде бірден келістік. Арнайы 50-ден астам қорап жұмыртқа әкелдік. Сауда қызу жүріп жатыр. Өнім сапалы болғандықтан, сұраныс та көп. Бағаны 160 теңге деп белгіледік.

Жұмыртқаның өзін ғана қуыру, суда қайнату немесе омлет жасау. Бұл -жұмыртқадан әзірленетін көпке белгілі тағам түрлері. Бірақ, аспаздар одан дәмі тіл үйіретін ас әзірлеудің сан қырын біледі. Соны бүгін шеберлік сағатында паш етті.

Евгений Сташкин: мейрамхананың бас аспазы:

– Мен болгар бұрышы мен жұмыртқадан лазани дайындау үстіндемін. Одан бөлек, грузиндік омлет, фритата сынды тағамдар жасап, тұрғындарға ұсынамын. Теріскейліктер өз кезегінде жұмыс барысын тамашалап, астан ауыз тие алады.

Шарада жәрмеңкеден бөлек, түрлі сайыстар мен ұтыс ойындары өткізіліп, шағын концерттік бағдарлама ұсынылды.

–  Шара ұнап жатыр, төмен бағамен жұмыртқа сатып алдым. Енді ұтыс ойынына қатысып, өз бағымды сынап көрмекпін.

Актолкын Солтанханкызы