МТРА жаңалықтары

Қоғамдық көлік саласындағы мәселелер

“Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінде қоғамдық көлік саласындағы мәселелер талқыланды.

Қазіргі уақытта облыс орталығында жолаушы тасымалымен 10 кәсіпорын айналысады. Сонда барлығы 26 бағыт бойынша 300-ге жуық автобус жұмыс істейді. “Nur Otan”партиясының өкілдері жуырда арнайы мониторингілеу шарасын жүргізіпті. Оның барысында қоғамдық көліктердің жайлылығын бағамдаған. Көпшілігінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тиісті жағдайлар қарастырылмаған. Мәселен, көтергіш құралы, арнайы қауіпсіздік белдіктері мен жүргізушімен байланыс тетігі жоқ. Сондай-ақ, мүгедек жолаушыларға арналған орындар белгіленбеген. Осы орайда, партия өкілдері тасымалдаушыларға олқылықтарды түзету қажеттігін айтты.

Гүлнәр Халықова – “Nur Otan” партиясы СҚОФ бөлім меңгерушісі:

– Жалпы, мониторингілеу барысында 16 бағыт бойынша жүретін автобустар тексерілді. Біраз кемшіліктер анықталды. Тасымалдаушылар осы мәселелердің шешімін таяу арада қарастырады деген ойдамыз. Және бұл істің қалалық әкімдікке де қатысы бар. Қоғамдық көлік қызметінің сапасын үнемі назарда ұстау қажет.

Дана  Ешкенова