Мәдениет

Ерекше актерлердің театры ашылды

Ел бойынша алғаш рет. Жергілікті Жастар сарайында ерекше актерлердің театры ашылды. Құлағында мүкісі бар өнерлі ұжым бірінші маусымын “Маугли” ертегісімен ашты.

Олар дауысты, әуенді естімейді. Тек қолдың нұсқауымен өнер көрсетеді. Бір қарағанда мына жандардың құлағында мүкісі бар дегенге сену қиын екені рас. Мүмкіндігі шектеулі жандар қойған алғашқы спектакль кішкентай баланың ну орманда жападан-жалғыз қалуынан басталады. Кейін оны ұрғашы қасқыр тауып алып, өз бөлтіріктеріне қосады.

Қатыгез Шерхан қасқырлардың арасында адам баласының өмір сүріп жатқанынан хабардар болады. Ол сәбиді тартып алу үшін қолдан келгенін аянып қалмайды. Бірақ, ұрғашы қасқыр мен өзге де орман жануарлары баланы жауыздан қорғап қалады.

Мұндағы актерлердің барлығы өз рөлін айнытпай сомдап жатыр. Олар өздері сөйлей алмайды, дегенмен ішіндегісін ым-ишара арқылы білдіруде.

Бұл жандардың кейбірі сахнаға алғаш рет аяқ басса, қалғандары бұрыннан өнер көрсетіп жүр. Айнұр Саинова – «Sensitive» бал биі ансамблінің мүшесі. Бойжеткен Мауглидің ең адал әрі жақын досы – Багираның рөлін сомдап жатыр.

Айнұр Саинова – «Sensitive» бал биі ансамблінің мүшесі:

– Спектакльге 4 айдай дайындық жасадық. Шыны керек, бұл біз үшін ең күрделі әрі қызықты туынды болды. Жануарлардың іс-қимылдарын көрсету мен ойлағаннан да қиын екен. Бірақ, бар күшімізді салып тырыстық.

Қазанның 4-і өңірімізде Жастар сарайында алғаш рет ерекше актерлердің театры ашылды. Оның құрамында 50-ге жуық адам өнер көрсетеді.

Құралай Түспекова – “Біз екеуіміз бір қандымыз” жобасының продюсері:

– Жалпы, бұл идеяны осыдан 3 жыл бұрын қолға алған едік. Арманымыз биыл жүзеге асты. Бұл тек өңірімізде ғана емес, еліміз бойынша ерекше өнерпаздары бар жалғыз театр. Жас актер мен актрисаларға артатын үмітіміз мол. Болашақта биік белестерді бағындыратынымызға сенімдіміз.

Қойылымды тамашалауға келгендер жас ұжымның өнеріне таңданыстарын жасырмай, қошеметтерін аяған жоқ. Спектакль барлығының көңілінен шықты.

–  Спектакль маған қатты ұнады. Актерлердің жануарлардың киімін киіп өнер көрсеткендері өте қызықты екен.

–  Қойылымда орманда жалғыз қалған Мауглидің образы арқылы балалар үйіндегі жандардың өмірін елестетуге болады. Өйткені, олар да тағдыр қиындықтарымен жалғыз өздері күреседі.

Маржан Қасымбек