Құрылыс

Булаев қаласында қос баспана тұрғызылып жатыр

Бүгінгі күні Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында 2 қабаттан тұратын қос баспана салынып жатыр. Үйлердің құрылысы үстіміздегі жылдың қараша-желтоқсан айларында аяқталмақ. Сөйтіп, жаңа нысандардағы 36 пәтердің кілті кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға, жетім ұл-қыздарға, дәрігерлер мен мұғалімдерге берілетін болады.

Соңғы рет Булаев қаласында бірнеше этажды үй осыдан 3 жыл бұрын салыныпты. Онда мына қос қабатты баспана тұрғызылған екен. Қазір бұл маңда құрылыс жұмыстары тағы да қызу жүріп жатыр. Мұнда 2 бірдей ғимарат бой көтеруде. Іске Жамбыл облысынан арнайы келген “АгроСпецСтрой” серіктестігі жауапты. Компания бізге дейін Әулиеата жерінде әлеуметтік маңызы бар нысандардың талайын тұрғындарға тапсырған екен.

Ерхан Кулимбаев – “АгроСпецСтрой” ЖШС инженері, Жамбыл облысы:

– Біздің құрылыс саласында тәжірибеміз мол. 20-30 жыл көлемінде жұмыс жасап жатырмыз. Үйлер, ауруханалар, мектептер мен балабақшалар салудамыз. Қарқынды жұмыстар атқарудамыз.

Серіктестік өкілдері 18 пәтерден тұратын қос үйдің құрылысын мамыр айында бастапты. Олар істі көпке созбай аяқтаймыз деп жоспарлаған екен. Бірақ, олай болмады. Біріншіден ауа райы кедергі келтірді. Яғни, жаңбыр жөнді жұмыс істетпеді. Оның үстіне біздің өңірде тас қалаушылар мен қарапайым еңбеккерлердің тапшылығы сынды мәселе бар. Дегенмен, шаруа тоқтаған жоқ, жүріп жатыр. Мұнда көппен бірге студенттер де тер төгуде. Нақтырақ айтсақ, жастар өндірістік тәжірибеден өтуде. Ұлдарға өзге де мамандарға сияқты жалақы төленеді.

Диас Мүсіпов – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінен келдім. Практика өтіп жатырмын. Тәжірибе жинап, ақша тауып жатырмын.

Жалпы, 2 үй де “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынуда. Олардың құрылысына облыстық қазынадан 445 млн теңге бөлінген екен.

Азамат Қыраубаев – М.Жұмабаев ауданы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлiмiнің басшысы:

– Нысандар үстіміздегі жылдың қараша-желтоқсан айларында тапсырылады. Яғни, 36 пәтер қолданысқа беріледі. Мұндағы баспаналардың кілті кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға, жетім ұл-қыздарға, дәрігерлер мен мұғалімдерге беріледі.

Тараздық компания үйді жай ғана салып қоймайды. Қос нысанға да инженерлік желілер тартады және аулаларды абаттандырады.

Байболат  Култанов