Қайырымдылық

2 бүлдіршіннің еміне қомақты қаржы керек

Науқас екі бүлдіршіннің еміне қомақты қаржы қажет! Мария Истомина мен Дарья Низоваға шетелде күрделі ота жасату керек. Балалардың ата-аналарына қолдау көрсету мақсатында мейірімді азаматтар қайырымдылық шарасын өткізді.

Маша жуырда ғана 1 жарым жасқа толды. Ол – тумысынан мүгедек. Теріскейлік дәрігерлер ата-анасына сәбидің беті бері қарамайтынын айтқан. Бірақ, өмірге құштар балақай басына түскен ауыртпалықтың барлығын біртіндеп жеңіп келеді. Машаның басы мен бүйрегіне ең күрделі деген 5 ота жасалынған. Нәтижесінде, қол-аяғы қимылдап, өздігінен отыруды және тамақ жеуді үйренеді. Оның толық сауығып кетуі үшін тағы бір операция керек.

Оксана Истомина – Марияның анасы:

– Қызым аяғына тік тұра бастады. Ол жұлын жарығы және бүйрек дертіне шалдыққан. Израильдің мамандары Машаның сауығып кететініне үміт бар дейді. Бірақ, ол үшін тағы бір күрделі ота жасату қажет. Оның құны – 21 млн теңге. Оған қоса, жол шығыны да бар. Мұндай ақша өзімізде болмағандықтан, мейірімді жандардан жәрдем сұрауға мәжбүрміз.

Ал Даша болса 12 мүшесі сау болып дүние келеді. Басқа сәбилер секілді өзі отыруды үйренеді, ойнайды, күледі, тіпті еңбектей бастайды. Бір сөзбен айтқанда бүлдіршін өмірге құштар болып өсіп келе жатады. Ол 5 айлығына келгенде дәрігерлер АКДС вакцинасын егеді. Кейін, кенет бұрынғыдай қуануын доғарады. Тіпті, қыздың түнде ыстығы көтеріліп, мазасы қаша бастайды. Екі аптадай бұлшық еттері құрысып қалады. Мамандар бүлдіршінді жасанды комаға жібереді. Даша балалар церебралды сал ауруы на шалдыққан, және миынан ісік анықталған.

Вера Низова – Дарьяның анасы:

– Біз 7 жылда еліміздің біраз қалаларына ем іздеп бардық. Тіпті, Қытайдың дәрігерлеріне де жүгініп, көмек сұрадық. Бірақ, ол жердің мамандары қызыма ота жасаудан бас тартты. Өйткені, операция кезінде Дашаның бұлшық еттері тағы тырысып қалуы мүмкін екен. Жуырда ресейлік дәрігерлер ұсынысымызға келісімін білдірді. Бірақ, ол үшін 1 жарым млн теңге керек.

Қос қыздың тағдыры жерлестерімізді де бейжай қалдырған жоқ. Олар Маша мен Дашаның еміне арналған қаржыны жинау үшін қайырымдылық концерт ұйымдастырды.

Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер. Сахнада өңіріміздің өнерпаз жастары өлең айтты.

Кейін, ортаға қыз-жігіттер шығып би биледі. Ал, мына жерде қайырымдылық акциясы өткізіліп жатыр. Мұндағы заттардың барлығын теріскейліктер өз қолдарымен жасапты. Айта кетейік, саудадан түскен қаражаттың барлығы Маша мен Дашаның еміне жұмсалады.

Руслан Жантуғанов – ерікті:

– Кішкентай бүлдіршіндерге көмектесу баршамыздың міндетіміз. Қайырымдылыққа 200-500 теңге жұмсау арқылы, ешкім кедейленіп қалмайды.

Айта кетейік, қайырымдылық шарадан барлығы 280 мың теңгеден астам қаржы жиналды. Алайда, бұл сома Маша мен Дашаның отасына жетпейді. Қыздардың еміне көмек беруге ниет танытқандар көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарласа алады.

Маржан Касымбек