Денсаулық сақтау

Жас мамандар саны артуда

Терапевт, эндокринолог, стоматолог және онколог. Қызылжар орталық ауруханасы биыл жаңа 8 дәрігермен толықты. Енді тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасы арта түспек. Сондай-ақ, ондағы емханада М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің жоғарғы медицина мектебінің интерндері тәжірибе жинақтап жүр.

Қызылжар орталық аудандық ауруханасына күнде дертіне шипа іздеген жүздеген адам келеді. Тұрғындар бұрын ақ халатты абзал жандармен тілдесу үшін есігінің алдында ұзын-сонар лекте кезегін күтуші еді. Ал, қазір барлығы өзгерген. Азаматтар дәрігердің қабылдауына мұндағы заманауи құрылғы арқылы жазыла алады.

Келесі жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмысын бастайды. Ауруханада 2 жылдан бері аталған жүйеге әзірлік жүріп жатыр. Жаңашылдық тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын одан әрі жақсартып, қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жалпы, медициналық сақтандыруда көрсетілетін қызметтер пакетінің 2 түрі болады.

Александр Кудайбергенов – Қызылжар орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру іс жүзінде енген сәттен бастап тұрғындар медициналық және дәрілік көмекке оңай қол жеткізе алады. Заң жобасына сәйкес азаматтарға медициналық қызмет пакетінің 2 түрі ұсынылатын болады. Оның біріншісі – базалық, екіншісі сақтандыру пакеті деп аталады.

Терапевт, эндокринолог, стоматолог және онколог. Қызылжар аудандық ауруханасы биыл жаңа 8 дәрігермен толыққан. Владимир Суворин – жас маман. Теріскейлік жігіт биыл Қарағанды университетін тәмамдаған. Ауданда дәрігер жетіспейтінін естіген соң бірден осында жұмысқа орналасыпты.

Владимир Суворин – Қызылжар орталық аудандық ауруханасы қабылдау бөлімінің дәрігері:

– Маған мұнда жұмыс істеген ұнайды. Ауруханаға келген сәттен-ақ әріптестеріммен тез тіл табысып кеттім. Дәрігер болуды өзім бала кезден армандап едім. Қазір науқастарды емдеп-жаза алатыныма қуаныштымын.

Ақбаян Шынтемірова да былтыр Қарағандыдағы медицина университетін бітірген. Бойжеткен қазір М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дегі жоғары медицина мектебінде екі жылдық интернатурада білім алып жүр.

Ақбаян Шынтемірова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медициналық мектебінің интерні:

– Біз соңғы 2 жылдық интернатураны облыстағы дәріханаларда өтіп жатырмыз. Емхана дәрежесіндегі барлық қызметтерді атқарамыз. Науқастарды қабылдау, операцияға дайындау, оларға алғашқы көмек көрсету сынды жұмыстардың барлығын істеп, үйреніп жүрміз.

Педиатр, терапевт және хирург. Жалпы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғары медицина мектебінің студенттері 5 жыл оқып, “жалпы медициналық бакалавр” атана алады. Кейін, олар өз білімдерін резидентурада мен интернатурада толықтыра алады.

Әсет Ізденов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медициналық мектебінің директоры:

– Жоғары медициналық мектептің студенттері бір семестр бойы университеттің өзінде оқиды. Кейін, оларды өңіріміздегі ауруханаларға жөнелтеміз. Онда білікті мамандардың қарамағында болып, мол тәжірибе жинақтайды.

Константин Немков – Новоникольское селолық дәрігерлік амбулаториясының дәрігері. Ол жоғарғы оқуын тәмамдаған соң, “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы осында келген. Жас маман 2 жылдың ішінде ауыл тұрғындарына біраз көмегін тигізіп, өзін жақсы қырынан көрсетіп үлгеріпті.

Константин Немков – Новоникольское селолық дәрігерлік амбулаториясының учаскелік дәрігері:

– Селоға жақын орналасқан, тұрғыны 200 адамнан аспайтын ауылдардың фельдшерлеріне мен жетекшілік етемін. Амбулаторияда стоматолог, акушер және коллаборант мамандары жұмыс істейді. Мұнда дәрігерлерге арнап барлық жағдайлар жасалған.

Новоникольское селолық дәрігерлік амбулаториясына 7 елді мекеннің халқы қаралады. Азаматтардың жалпы саны шамамен 4 мыңнан астам. Олардың 2 мыңға жуығы – Новоникольское селосының тұрғындары.

Маржан Қасымбек