Мәдениет

Петропавлда “Қыз жібек” мюзиклі қойылды

Елорданың “Жастар театры” – Петропавлда. Нұр-сұлтандық әртістер шаһарда гастрөлдік сапармен жүр. Қазанның 6-сына дейін өнер ұжымы теріскейліктердің назарына тағы 4 бірдей спектакль ұсынбақ. Кеше актерлер Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының сахнасында “Қыз Жібек” пьесасының желісімен Нұрқанат Жақыпбайдың жазған мюзиклін қойды.

Шынайы достық, таза махаббат, қызғаншақтық пен көре алмаушылық. Бұл – “Қыз Жібек” картинасында көрініс табатын құбылыстар қатары. Қойылымды көре отырып 17-ғасырға сапар шеккендей сезімде боласың. Мұнда жастардың бір-бірімен сөз таластыруы, сырласуы мен жарасымды әзілдері айқын бейнеленіп, әсем әуенмен әрленген. Хор қызындай Жібектің сұлулығына тәнті болған Төлегеннің пәк сезімі, Бекежанның қос ғашыққа жасаған озбырлығы айшықты бейнеленген.

Қойылым барысында рөлді сезіне білу бір бөлек, оны халыққа жеткізу – мүлдем бөлек дүние. Бұл міндетті ойдағыдай атқару үшін актерлер қауымының тынымсыз еңбектенгені байқалып тұр. Халық классикасының бас кейіпкерлерін сомдау абыройлы әрі жауапкершілікті талап ететін іс екені сөзсіз.

Назерке Серікболаева, Жастар театрының актрисасы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бұл қойылым театр сахнасында болғандықтан, қазақтың Қыз Жібегін көрсету оңай болған жоқ. Оның үстіне біздің жанр мүлдем бөлек. Бір жерде тұрмаймыз, ән айтып, билеп, секірсек те қазақилықты жоғалтпай, сөз саптауды сақтау керек. Жалпы, театрда сомдалатын рөлдердің ішіндегі ең ауқымдысы әрі жауапкершілі мол рөл деп айтсам болады.

Мейірғат Амангелдин, Жастар театрының актері, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Рөл болған соң оның өзіндік қиындықтары болады. Өдеріңіз көргендей, бұл жерде техникаға байланысты. Кейде микрофон істемей жатады. Мысалы, бүгін біршама қателік болды. Менің ойымша, маған әлі үйренетін іс көп деп ойлаймын. Бұдан кейін де Төлегенді шыңдап биіккке көтеремін деген ойдамын.

Спектакль соңында театр ұжымына облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан себет толы гүл табыс етілді. Теріскейліктердің қойылымнан алған әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Олар елордалық қонақтардың өнеріне тәнті болып қошеметтерін аямады.

– Негізі бұл театрға аң алғаш келуім болса да мен қатты әсерленіп тұрмын. Актерлердің шеберлігі тәнті болдым. Осындай тарихы қойылымды , жастарға көрсеткені үшін рахмет айтқым келеді.

–  “Қыз Жібек” қойылымы көңілімнен шықты. Актерлерге алғысым шексіз. Мен бұл театр ұжымының әр көрермен жүрегінен бір орын тапты деген ойдамын.

Жастар театры құрылғалы бері теріскей өңіріне алғаш келіп отыр. Қазанның 20-сында 13-ші маусымын ашпақ. Өнер ұжымы 12 жылдың ішінде түрлі байқауларда 13 гран-при иеленіпті. Соңғысы бір апта бұрын Қырғызстанда өткен 7-ші халықаралық театр фестивалінде берілген. Ал дәл осы “Қыз Жібек” мюзиклінің премьерасы осыдан 2 жыл бұрын өтіпті.

Бекболат Құрманғожаев, Жастар театрының қоюшы режиссері, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Біздің ерекшелігіміз – белгілі бір бағыттың болмауы. Бишілердің қажеті жоқ, өзіміз билеп, өзіміз ән айтамыз. Осы тұрғыдан басқаларға ұқсамаймыз.

Жастар театрының ұжымы Петропавлда осы жексенбіге дейін болып, тағы 4 бірдей спектакль ұсынбақ. Оның біреуі балаларға арналған. Кейін актерлер гастрөлдік сапармен Көкшетау мен Қостанай қалаларына жол тартады.

Ақтолқын Солтанханқызы