Құрылыс

Петропавлда салынып жатқан 2 баспана уақытылы тапсырылмауы мүмкін

“Жас Өркен”-де бой көтеріп жатқан 18 және 12 қабатты қос баспана мерзімінен кеш тапсырылуы мүмкін. «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы жанындағы бақылау комиссиясының мүшелері осындай байламға келді. Бүгін комиссия мониторинг жүргізіп, екі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Екеуі де мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатыр. Бірақ, азаматтардың / армандаған пәтер кілтін кешірек алуы ғажап емес.

Есіңізде болса, Петропавлда бой көтеріп жатқан ең биік тұрғын үй жайлы аптаның басында баяндаған едік. Құрылыс барысы «Nur Otan»-ның бақылауында екені де айтылды. Баспананы бастан-аяқ аралап шыққан партиялықтар құрылыс сапасы күмән келтірмейді дейді. Алайда, гәп басқада. 18 қабатты үй алдағы қаңтарда тапсырылуы тиіс, бірақ шаруаның әзірге тек жартысы ғана орындалған. Мердігер үлгермеуі мүмкін.

Жасұлан Ахметов – «Nur Otan» партиясы Петропавл қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:

– Құрылыс 6 ай бұрын басталды. Бұл уақыт ішінде қаржының тек жартысы игеріліпті. Қалған 666 млн небәрі 4 айдың ішінде игерілуі керек. Қала әкімдігі әлі жылу трассасын тартпаған, сметалық құжат дайын емес. Сондықтан, баспана мерзімінен кеш берілуі мүмкін. Яғни, тұрғындарға күту керек болады.

Саят Ермек – тілші: 

– Ал бұл – манағы бірінші баспананың егізі. Мұнда да 18 қабат пен 108 пәтер болмақ. Нысанның, әзірге фундаменті құйылып жатыр. Мердігер – “Основание” серіктестігі баспананы 21-ші жылдың маусымында тапсыруы тиіс.

Ал жолдың арғы бетіндегі 12 қабатты бұл баспана Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына беріледі. Мұнда – 192 пәтер. Алайда, олардың иелері кілттерін сәл кешірек алатын сияқты.

Саят Ермек – тілші:

– Негізі баспананы 2017-нің қарашасында “Қазградстрой” тұрғыза бастаған. 2019-дың шілдесінде баспана басқа мердігерге беріледі, осылайша біршама уақыт жоғалады.

Сондықтан, жаңа мердігер “Севимсталькон” компаниясы үйді аяқтап үлгермей жатыр. Үлгеруі де екіталай. Шаруа 3 айдан соң аяқталуы тиіс, алайда құрылыстың тек жартысынан астамы ғана тындырылған. Жоғарғы қабаттардың қабырғасы жоқ, ал іште, тіпті пәтерлер бөлінбеген, сәйкесінше әрлеу жұмыстары басталмапты да.

Жасұлан Ахметов – «Nur Otan» партиясы Петропавл қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:

– Үйдің әлі 40 пайзы дайын емес. Сондықтан, баспананы уақытында тапсыру мүмкін емес. Мұны сеніммен айтуға болады. Сондықтан, азаматтарды босқа үміттендірмей, әкімдікке мерзімді шегеру керек.

Қалалық партиялық бақылау комиссиясы қос баспанадағы құрылыс сапасына қатысты наразылық білдірмеді. Мәселе, жұмыстың баяу жүргізіліп жатқанына қатысты. Нұротандықтар аралаған екі үйге де сыртқы инженерлік желілер тартылмаған. Тартылмақ түгілі, сметалық құжаттары да әлі әзірленіп бітпепті. Бұл, сәйкесінше, нысандарды қолданысқа беру мерзімін одан әрі созуы мүмкін.

Кеңес Мұқышев – «Nur Otan» партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Мониторингіден кейін комиссия мүшелері кезекті отырыс жасап, ұсыныстар мен айтылған мәселелерді қарастырып, шешімге келгеннен кейін, әкімдікке хат жолдайтын боламыз.

Саят Ермек