Денсаулық сақтау

«NewLife Diagnostic» заманауи медициналық орталығы

Шаһарда жаңа әрі бірегей медициналық орталық жұмыс істеп жатыр. «NewLife Diagnostic» деп аталатын емдеу мекемесі соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Мұнда болашақ және босанған аналар мен олардың сәбилеріне жоғарғы санаттағы мамандар қызмет көрсетеді.

“NewLife Diagnostic”. Аты да, заты да ерекше орталықта барлығы жаңаша. Жаңа әрі озық жабдықтар, тың әдістер. Мұнда кірген адамды кіреберістен жылы шыраймен қарсы алады. Тіркейді, сұрастырады, сосын тиісті маманға жолдайды. Ангелина Семёнова 3 ай бұрын ана атаныпты. Тұңғышын жоспарлы түрде невропатологқа көрсетуге келді. Дәрігердің сыпайылығы, ең бастысы біліктілігі, мұндағы жасалған жағдайдың барлығы көңілден шығады дейді.

Ангелина Семёнова – қала тұрғыны:

– Сәбиіңді тәжірибесі мол маманға көрсету керек. Бөлмедегі медициналық құралдар жаңа. Әрі қабылдау барысы ұзын-сонар кезексіз, байыптылықпен өткенін қалайсың. Міне, осындай жақсы жағдай осы орталықта жасалған.

“NewLife Diagnostic” орталығының басты мақсаттарының бірі – адамға сапалы диагностика жасау, дұрыс ем тағайындау. Биыл наурыз айында жұмысын бастаған ұжым осы міндеттерді мүлтіксіз орындап жатыр. Басында бір-ақ кабинет болса, қазір олардың қатары – 5-еу. Мұнда ультрадыбыстық диагностика жасалатын бөлме бар. Тағы балалар неонатологы, невропатолог, нефролог және массаж жасаушы маман жұмыс істейді. Ал ересектер үшін акушер-гинеколог, травматолог-ортопед және нейрохирург қызмет көрсетеді.
Медициналық орталықты ашқан өңірге белгілі ақ халатты Вера Аладинская. Оны көбінесе петропавлдық нәзікжандылар жақсы таниды. Жоғары санатты диагност маманға бұндай идея 2 жыл бұрын келген.

Вера Аладинская – “NewLife Diagnostic” медициналық орталығының директоры:

– Мен 2017 жылы Америкада тағылымдамадан өткен болатынмын. Сонда жүргенде медициналық орталықты ашу туралы ой келді. Бірақ, ешқайсысына ұқсамайтын, өзгешесін. Сөйтіп, сол жақтағы медициналық ұйымдардың тәжірибесін зерттедім. Басында, әрине, қиын болғанымен ойым бүгінде сәтті жүзеге асты. Заманауи аппараттарды сатып алуға көп қаржы жұмсадық.

Мұндағы заманауи УДЗ аппараты АҚШ-та жасалған. Қондырғының мүмкіндігі 5D / HD-live деп аталады. Мұндай қауқарлы құрал облыс бойынша тек осында ғана бар. Яғни, іштегі баланы нақты уақытта бақылауға болады екен.

Вера Аладинская – “NewLife Diagnostic” медициналық орталығының директоры:

– Сонымен қатар, HD live технологиясының арқасында Даун синдромын ерте кезінде анықтауға мүмкіндік бар. Аппарат миллиметрдің жүздеген үлесіне дейін есептерді автоматты түрде жасайды. Осылайша, Voluson S8 HD livе ультрадыбыстық зерттеуі дәрігерлерге өз жұмысын барынша сапалы және дәл орындауға ықпал етеді.

Айта кетейік, “NewLife Diagnostic” медициналық орталығы ашылғаннан бері 4 мың теріскейлік нәзікжандыға медициналық қызмет көрсетілген. Мұндағы мамандардың қабылдауына +7 (7152) 500-999 және +7 (700) 500-9997 телефон нөмірлері арқылы жазылуға болады.

Дана  Ешкенова