Білім

Мереке қарсаңында өңір ұстаздары балда бас қосты

Бүгін Оқушылар сарайында теріскей ұстаздары құрмет-қошеметке бөленді. Алдағы жексенбі педагогтар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Биыл маңызды мамандық иелерін құттықтау әсте, дәстүрлі емес, ерекше форматта өтті.

Ұл-қыздар шыр көбелек айналған веналық бұл вальс – мұғалімдердің құрметіне. Дәстүрлі концерт емес, олар үшін биыл білдей бір бал ұйымдастырылған. Оған келген әрбір ұстаздың жүзінде күлкі. Педагогтар қауымы жексенбіде жететін мереке қарсаңында гүлдер мен құттықтаулар қабылдауда.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Оқушы зердесіне осынау асылды дарытушы, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны – ол, ең алдымен, мұғалім. Мұғалім болу – мамандық болса, ұстаздық – бұл қасиет.

Енді еңбегімен ерекшеленген ұстаздарды ұлықтар шақ. Дәстүрге сай, білім саласында тер төгіп жүрген бірқатар педагог марапаттарын алды бүгін. Төс белгілер, медальдар, грамоталар мен алғыс хаттар өз иелерін тапты.

Хазима Кабдолина облыс әкімінің грамотасын алды. Бастауыш сынып мұғалімінің еңбек өтілі 25 жылдан асады. Ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаз бүгінгі кешке ерекше дайындалыпты.

Хазима Кабдолина – Бексейіт орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Мамлют ауданы:

– Бізге дресс код – ұзын көйлек киіңдер деп талап қойды. Жүгіріп жүріп шаштаразға жазылған едім, оны да үлгердім. Телефонға дамыл болмай жатыр. Туыстарым, оқушыларым мен әріптестерім – барлығы осы мерекемен құттықтап жатыр. Мен үшін бүгінгі күн – есте қалатын, әдемі күн деп айтамын.

Мұндай құттықтау теріскейлік мұғалималардың көңілінен шыққан сияқты. Көрсетіліп жатқан құрметке разы олардың ду қол шапалақтан алақандары қызарды.

Саят Ермек – тілші:

– Ләззат Нұркелді қызы, айтыңызшы, ұнап жатыр ма бүгінгі бал сізге?

Ләззат Мазина – Өнер колледжі-музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешені директорының орынбасары:

– Өте ұнады, көңілімізден шығып жатыр. Біріншіден, осындай үлкен іс-шараны ұйымдастырып, бізге көңілді кеш сыйлаған облыстық білім басқармасына айтар алғысымыз шексіз. Кеше СҚО-ға танымал барлық өнер жұлдыздарын көріп, олардың өнеріне тәнті болып отырмыз. Көңіл күйім өте жақсы, рақмет айтамын бәріне!

Сәнді кешкі көйлектер, жарасымды смокингтер. Балда бас қосқан педаогтардың бәрі ерекше құлпырған. Ұстаздың күйбең тірлігі күте тұрады. Мерекелік кеште мұғалімдер әуелете ән айтты, аяқ талғанша би биледі.

Саят Ермек