Қоғам

Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту

Облыс орталығында үкіметтік емес ұйымдар арасында семинар өтті. Талқыланған басты тақырып – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. Жиынға түрлі сала қызметкерлері мен қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.

Бүгінде елімізде бір шаңырақ астында түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың көбісі өз тілінде немесе орысша сөйлеседі. «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім қазақстандықтардың бәрі барынша қазақ тілінде сөйлесулері керек дейді.

Дос Көшім – «Ұлт тағдыры» ҚҚ төрағасы:

–  Қазақстанда тілдік ахуал өзгеріп жатыр. Ертеңгі күні өмірде мемлекеттік тілдің қажеттілігі туады. Соны жиналғандарға түсіндіруге келдік.

Ана тіліміздің аясын кеңейту қажет! Ол үшін не істейміз? Бірінші кезекте тілмен бірге тәрбиеге де мән беру қажет. Яғни, мектепте ғана емес, үйде де, сыртта да мемлекеттік тілде тілдесу керек дейді семинарда сөз сөйлеушілер. Сонда жас ұрпақ ана тілімізге жетік әрі патриот болып өседі.

Ғайса Нұрбек – «әл-Фараби» мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі:

– Менің ойымша мемлекеттік тілді дамыту – өте маңызды мәселе. Өйткені, ол болашақта бәріне керек болады.

Жалпы, семинарға 30-дан аса түрлі сала қызметкерлері мен қоғамдық бірлестік ұйымдарының өкілдері қатысты. Отырыс соңында қатысушылар спикерлерге өз сауалдарын қойып, жауап алды.

Бердимурат Баймухан