ТЖ

Арты дауға ұласқан үй отқа оранды

Арты дауға ұласқан үй отқа оранды! Бүгін Петропавлдағы Алтынсарин көшесі бойында орналасқан 71-ші баспана жанып кетті. Бұған дейін аталған нысан сүріліп, орнына мектептің бір бөлігі салынуы керек еді. Алайда, нысанның бұзылуына иелері үзілді-кесілді қарсы болғаны мәлім. Енді міне жұмбақ жағдайда күлі көкке ұшып отыр.

Өрт оқиғасы жайлы хабар Төтенше жағдайлар департаментіне таңғы 6 кезінде түседі. Шұғыл ақпарды ала сала 20-дан аса маман 4 техникамен оқиға орнына жетеді. Сөйтіп, олар қызыл жалынды шамамен 2 сағаттың ішінде ауыздықтайды. Тілсіз жаудың келтірген зардабы орасан. 2-ші қабат түгел жанып кеткен. Ал бірінші этаждың күйік шалған қабырғалары ғана тұр. Іштегі жиһаздардан да түк қалмаған. Абырой болғанда, адам өлімі тіркелмеді. Өрт кезінде баспана иелері өзге үйде болған екен. Олар бұл іске қалалық әкімдіктің тікелей қатысы бар деп санайды.

Светлана Рамахина:

–  Үйді әкімдік өкілдері өрттеген. Мен солай ойлаймын және әкімдікті кінәлаймын.

Қазіргі таңда полицейлер мен құтқарушылар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Айта кетейік, бұл үй бұған дейін сүріліп, орнына жаңа мектептің бір бөлігі салынуы қажет еді. Алайда, олай болмады. Баспана иелері нысанның бұзылуына қарсылық танытады. Олар бастапқыда қалалық әкімдіктің шешімімен келіскен. Яғни, ғимараттың орнына 3 бөлмелі 2 пәтер алатын болады. Бірақ, уақыт өте үйдің аумағы дұрыс есептелмегенін алға тартып, тағы 2 пәтер сұрайды.

Светлана Рамахина:

–  Егер де екінші қабаттың тұрғын алаңын есептесек, бізге 8 шаршы метр берілмеген. Жарайт, оған шағымданып жатқан жоқпыз. Тек берілмеген 127 шаршы метр алаңдатады. Бұл аумақ кімге сыйланды? Онда кім тұрып жатыр?

Ал қалалық әкімдік өкілдері мүлде басқа пікірде. Олар Рамахиндер отбасына келісім шартқа сәйкес жалпы аумағы 120 шаршы метр болатын 3 бөлмелі 2 бірдей пәтердің берілгенін айтады. Қазір солардың бірінде жанұя мүшелері тұрып жатыр екен.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Рамахиндер отбасы 2 пәтердің берілгеніне келіспей, үйді босатуға үзілді-кесілді қарсылық танытты. Бүгін аталған жанұяны күштеп көшіру бойынша сот отырысы өтеді. Барлық заң талаптары сақталған.

Бірақ, Рамахиндер жанұясы алған беттерінен қайтар емес. Олар әлі де болса жергілікті биліктен тағы 3 бөлмелі 2 пәтер талап етіп отыр.

Байболат Култанов