Қоғам

Шаһарда суағарлар ауыстырылуда

Петропавлдағы суағарлардың жалпы ұзындығы 92 шақырымды құрайды. Оның басым бөлігі тозған. Яғни, ауыстыруды қажет етеді. Бүгінде бұл шаруа біртіндеп тындырылып жатыр. Қазір жаңарту жұмыстары қаламыздың Жұмысшы кентінде жүргізілуде.

Келбет Мұсаинова Жұмысшы кентіндегі Украинская көшесінде тұрады. Отбасымен бұл жерге көшіп келгеніне 9 жылдан асыпты. Нәзікжандының айтуынша көктем мен күзде маңайды саз балшық басатын көрінеді. Енді жаңа суағарлар орнатылысымен бұл мәселе шешімін таппақ.

Келбет Мұсаинова, қала тұрғыны:  

– Суағарлар орнатылып жатқанын естіп, қуандық. Себебі, соңғы 3 жылда жақын маң лайдан көз ашпайтын. Енді бізді де, көршілерімізді де көлшік деген мәселе мазаламайтын болды.

Украинская мен Панфилов көшелеріндегі құрылыс жұмыстары осы жаздың шілдесінде бастау алған. 1 айдан кейін аяқталуы тиіс. Шамамен 6 шақырымдық ашық суағарды орнату үшін 344 жарым млн теңге бөлініпті.

Евгений Кремнев: «SAB BARAKAT» ЖШС директорының орынбасары:

– Бұл жерде бұған дейін ескі суағарлар болды. Тіпті, әбден бітеліп, тозып, өз қызметін дұрыс атқармады. Содан жауған жаңбыр, еріген қар суының ағар жолы болмағандықтан, ол кері қарай жайылған. Бүгінде бүкіл жұмыс ауқымының 30 пайызы атқарылды. Іске 12 маман мен 9 техника жұмылдырылған.

Сондай-ақ, Халтурин көшесіндегі дәл осындай шаруаға – 76,8 млн, ал Волочаевская көшесі мен вокзал маңындағы ескі суағарларды ауыстыруға 367 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл жұмыс келесі жылы атқарылмақ.

Дулат Шарипов: қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор жетекшісі:

– Сондай-ақ, шаһардағы 17 көшеге қатысты тиісті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін 36 млн теңгеге бюджеттік өтінім жасадық. Құжаттар қазір қарастырылып жатыр.

Жалпы, бүгінде қаладағы суағарлардың ұзындығы 92 шақырымды құрайды. Оның 44-і ашық болса, қалғаны жабық күйде болып саналады.

 

 

 

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы