Құқық қорғау органдары

Полицейлер түнде дүкендерді тонаған баукеспені ұстады

Петропавл полицейлері 28 жастағы баукеспені құрықтады. Күдікті түнгі уақытта шаһардағы бірнеше дүкенді тонаған. Десе де, ұры көп кешікпей тәртіп сақшыларының қолына түсті. Жасаған қылмыстары үшін жас жігіт енді 5 жылын темір тордың арғы жағында өткізуі мүмкін.

Шаһардағы “Сэм” дүкені. Қыркүйектің басында түнде бәз біреу мұндағы кассадан қомақты қаржыны жымқырған. Баукеспе сауда орнына терезе арқылы кіріпті. Араға екі апта салып ұқсас ұрлық «Мир одежды» дүкенінде орын алады. Бұдан соң полицейлер тонаушының ізіне түседі. Көп ұзамай 28 жастағы петропавлдықты құрықтайды. Жап-жас жігіт осы сынды қылмыстары үшін бұған дейін де бірнеше рет сотталған екен. Кінәсін ол бірден мойындады.

– Сколько у вас эпизодов?

– Два… В той же одежде, также в перчатках открывал пластиковое окно, заходил, забирал кассу и уходил.

Ұсталған азаматтың сөзінше, қылмыс орнында ол 2 минуттан артық болмаған. Тез әрі әр қадамын аңдап басып әрекет еткен. Десе де, баукеспе полициядан жасырына алмады. Қазіргі таңда қос факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Асылбек Аяғанов, Петропавл қалалық ПБ бірінші полиция бөлімінің аға жедел уәкілі:

 – Қылмыскер түнгі уақытта ғимарат ішіне кіріп, жалпы сомасы 45 мың теңгенің шығынын келтірді. Күдікті 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тәртіп сақшылары сауда орындарын тонау фактілерінің соңғы уақытта көбейіп кеткенін айтып отыр. Жыл басталғалы осындай 10 қылмыс әшкереленген. Бәрінің сценарийлері ұқсас: қарапайым сатып алушы кейпінде алаяқтар киім өлшейтін бөлмеге кіреді. Кейін тауарлардан чиптерді алып тастайды. Одан әрі киімді үстеріне қабаттап киіп, жоқ болады. Көбіне ұрылар дүкеннен шығаберісте ұсталады екен. Ұсталмағандарды көп кешікпей полицейлер құрықтайды.

Саят Ермек