Қоғам

Кәсіподақ қозғалысының ардагерлеріне арналған саябақ ашылды

“Экосағат” акциясы аясында қаламыздағы ескі саябақта аллея ашылды. Ол облыстық кәсіподақ қозғалысының ардагерлеріне арналған. Шараға кәсіподақ ұйымдары мен түрлі сала қызметкерлері қатысып, 25 шырша көшетін отырғызды.

Бүгін ескі саябақтың ішінде қызу тірлік. Мұнда ағаш егіліп жатыр. Іске кіріскендердің денін аға буын өкілдері құрайды. Еңбектеніп жатқандардың арасында 95 жастағы соғыс ардагері Қожатай Некібаев атамыз да жүр. Ол атқарылып жатқан игі іс үшін алғыс айтып, ақ батасын берді.

Қожатай Некібаев – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Ескі парктің бұрынғы ағаштары тозды. Кейбіреулері құлап та жатыр. Осының бәрін ескерусіз қалдырмай жатқандары үшін көп рақмет айтамын.

Бұл іс-шара “Экосағат” акциясының аясында ұйымдастырылып отыр. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев те қатысып, ағаш көшеттерін отырғызуға атсалысты.

Руслан Әлішев – облыс әкімінің орынбасары:

– Бұл істеріңіз – көпшілікке үлгі. Осындай ағаш егу жұмыстары әлі жалғасатын болса алдағы уақытта бұл жерге қала тұрғындары отбасыларымен келіп тыныға алады. Мұндай бастаманы аудандар мен басқа да кәсіпорындар қолдап, жалғастырады деген ойдамын.

Еліміздің дамуы үшін ерен еңбек еткен ардагерлер әрқашан да жоғары құрметке лайық. Бүгін сол жандарға арнап аллея жасалып жатыр.

Сәуле Кереева – ҚР білім саласының құрметті қызметкері, еңбек ардагері:

– Бұл аллея кәсіподақ қозғалысының ардагерлеріне арналып отыр. Және қаланың көркеюі үшін жасап жатырмыз. Оған қызметкерлер ғана емес, барлық халық атсалысса қаламыз үлгі тұтар шаһарлардың біріне айналатынына сенімдімін.

Саяжол құру шарасына кәсіподақ ұйымдары мен түрлі сала қызметкерлері қатысып, 25 шырша көшетін отырғызды. Бұл бастама әлі жалғасын табады. Алдағы уақытта осы маңайда көшеттерден бөлек жаңа орындықтар қойылып, әдемі гүлзарлар отырғызылмақшы.

 

 

 

Бердимурат Баймухан