Бизнес және экономика

Қарашірік дайындайтын серіктестік

Өнімнің сапасын жақсартып, көлемін арттыруға болады. Есіл ауданындағы “Стрелец” серіктестігі ерекше тыңайтқыш өндірумен айналысады. Оның көмегімен табиғи таза тауар түрлерін көптеп шығаруға мүмкіндік бар. Бір қызығы, мұндай дүниені жауын құртын өсіру арқылы алуға болады екен.

Андрей Стрелец картоп өсірумен айналысады. Өнімінің көлемі мен сапасын арттыру үшін осыдан біраз жыл бұрын «старатель» деп аталатын жауынқұрт сатып алыпты. Оның қарапайым жауын құрттан айырмашылығы қандай дейсіз ғой? Бұл жәндіктің ірі қара мал көңімен қоректеніп, өзінен «биогумус» атты табиғи қарашірік шығаратын ерекше қасиеті бар. Ол – шаруа қожалығында көкөніс пен жеміс-жидекті тыңайтуда таптырмас зат. Өйткені, құрамы химиялық заттардан ада және минералды тыңайтқыштарға бай болып келеді екен.

Андрей Стрелец – «Стрелец» ЖК басшысы, Есіл ауданы:

– Құрттарды жаңа атызға отырғызғаннан кейін жарты жыл күту керек. Олар малдың көңін өздері арқылы өткізіп, биогумус бөліп шығарады. Мұнымен 2012 жылдан бері айналысып келемін. Арнайы оқудан өтіп, тиісті жабдықтарды сатып алдық. Бастапқыда Ресейден 1 млн жауынқұрт әкелдім. Өйткені, Қазақстанда мұндай іспен айналысатын ірі кәсіпорындар жоқ. Қазір жәндіктің саны 200 млн-ға жетті.

Кәсіпкер жауынқұрт пен биогумусқа сұраныс артып келеді дейді. Оны көбінесе көкөніс пен бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысатын шаруашылықтар сатып алады. Биыл Андрей Стрелец 600 тонна тыңайтқыш өндіріпті. Оны еліміздің түкпір-түкпіріне жібереді екен. Мына қаптардағы биогумус жақында Алматыға жөнелтіледі. Тағы мамандар жыл соңына дейін 150 тонна пайдалы өнімді нарыққа шығаруға дайындап жатыр.

-Бұл цехта мынадай контейнерлерде 1 млн-ға жуық жауынқұрт бар. Жақын арада осындай 10 контейнер Павлодар облысына жөнелтілмекші. Кәсіпкердің айтуынша бұлардың жалпы құны – 4 млн теңге.

Сондай-ақ, кәсіпкер биыл 8 гектар жерге картоптың элиталы тұқымын егіпті. Қазір оның тең жартысын жинап үлгерген. 1 гектардан 30 тоннадан астам өнім алуда.

Андрей Стрелец – «Стрелец» ЖК басшысы, Есіл ауданы:

– “Каратоп” және “гала” деп аталатын картоп отырғызамын. Біздің өнім ел бойынша жоғары сұранысқа ие. Өйткені, оның құрамы қоректік заттарға бай. Сондай-ақ, біз шаруашылықта химиялық тыңайтқыштарды пайдаланбаймыз. Яғни, мұнда шыққан өнімнің барлығы экологиялық таза.

Қазір жұмысшылар өнімді іріктеуден өткізіп, экспортқа дайындап жатыр. 1 келі картоптың құны – 200 теңге.

Андрей Стрелец – «Стрелец» ЖК басшысы, Есіл ауданы:

– Картоп іріктеуден өткен соң осы қойманың ішінде сақталады. Мына қаптар жөнелтуге дайын. 3-5 күн аралығында алғашқы фураны Алматыға жібереміз. Бір қаптың ішінде 40 келі картоп бар.

Сондай-ақ, іскер жан биыл сынама ретінде картоптың “балтик роуз”, “пероль” деп аталатын және қытырлақ дайындауға арналған түрін жерге сіңіріпті. Сәтін салса келешекте осы үшеуін 30 гектарға егіп, Түркіменстан еліне экспорттау ойда бар дейді. Айта кету керек, бүгінде өндіріс орнында 10 адам жұмыспен қамтылған.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан