Спорт

Тойжан Сыздықов – халықаралық турнирдің чемпионы

Жерлесіміз жарады! Тойжан Сыздықов ашихАра каратэден “Asia Open” халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Спортшылардың дүбірлі додасы қыркүйектің 28-і мен 29-ы күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткен. Байқауға 16 мен 17 жас аралығындағы 1 мыңға жуық спортшы қатысқан екен.

Ұл-қыздар жаттығуға кіріспес бұрын бұлшық еттерін дұрыстап тұрып қыздырып жатыр. Әйтпесе, денеге бірден ауыр күш түссе, сіңір тартылып қалуы мүмкін. Бұл қағидаларды жаттықтырушы Тойжан Сыздықов жақсы біледі. Сондықтан, ол қимылдарын көрсетіп қана қоймай, шәкірттерінің оны дұрыс орындап жатқанын жіті қадағалап жүр. Жас жігіттің каратэмен кәсіби түрде айналысып жүргеніне биыл 10 жыл. Осы уақыт аралығында спорттың дәл осы түрінің қыр-сырын үйреніп алыпты.

Тойжан Сыздықов – “Asia Open” халықаралық турнирінің жеңімпазы, жаттықтырушы:

– Мен 2016 жылы бастап Нұр-Сұлтан қаласында жаттықтырушы болып жұмыс істегенмін. Менің оқушыларым еліміздің және әлемнің чемпионы атанды.

Тойжан қыркүйектің 28-і мен 29-ы күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткен “Asia Open” халықаралық турниріне қатысып келіпті. Байқауға 16 мен 17 жас аралығындағы 1 мыңға жуық спортшы қатысқан екен. Өңіріміздің намысын қорғап барған Тойжан сайыстың қос бірдей номинациясында үздік атанған.

Бақыт Сыздықов – СҚО ашихара-каратэ қауымдастығының директоры:

– Нұр-Сұлтан қаласында ашихара-каратэден 2 номинация бойынша жарыс өтті. Тойжан екеуінде де жеңіске жетті. Ол өте дарынды әрі жауапкершілігі мол адам. Болашағынан үлкен үміт күтеміз.

Сондай-ақ, жерлесіміз қыркүйектің басында өңірімізде алғашқылардың бірі болып ашихара-каратэ клубын ашқан. Қазірде мұнда 4 пен 18 жас аралығындағы шәкірттер спорттың қыр-сырын үйренуде. Тойжан жасы кіші спортшыларды өзі жаттықтырады. Ал, үлкендерді оның ағасы Ақжан Нәкенов баптайды.

Ақжан Нәкенов – Тойжанның ағасы:

– Жалпы, ашихара-каратэ мектебі еліміздің 10 облысында мықтап қолға алынған. Інім екеуіміз спорттың бұл түрін өңірімізде де дамытуды жөн көрдік. Клубтың ашылғанына 1 айға жуық уақыт өтті. Қазірдің өзінде нәтиже жаман емес. Балалар үйреткендерімізді тез меңгеріп алуда.

Мұнда күніне барлығы 19 бала келіп жаттығу жасайды. Мағжан Амантайдың жасы 4-те. Ол – клубтың ең кіші спортшысы. Мағжан да болашақта өз жаттықтырушысы секілді үлкен жетістіктерге жеткісі келеді.

Мағжан Амантай:

– Мен ағайым секілді чемпион болғым келеді. Біз залда күнде жаттығамыз.

Тойжан Сыздықов қазанның ортасында Петропавлда ашихара-каратэден турнир өткізуді жоспарлап отыр. Оған өзі жаттықтырып жүрген шәкірттері мен қала жастары қатыстырылады.

Маржан Касымбек