Қоғам

Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру

БҰҰ-ның “Тұрақты даму мақсаттары” деп аталатын бағдарламасы бар. Құжат 17 бағыттан тұрады. Оның барлығы адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған. Аталған ұйымға мүше елдер осы мақсаттарды жүзеге асырулары керек.

2016 жылы БҰҰ әлемдегі негізгі проблемаларға зерттеу жүргізді. Яғни, жер шарындағы тұрғындардың өміріне кедергі келтіретін түйіткілдерді жіпке тізді. Сонда 17 мәселе анықталыпты. Олардың алғашқысы – кедейлікті жою. Себебі, бүгінгі күні 800 млн-ға жуық адам жоқшылықтан зардап шегіп отыр. Мұндай жандар Қазақстанда да бар. Мамандардың айтуынша тапшылық көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр.
Тағы, әлемде ана мен бала өлімі де өзекті проблема саналады.

Күлімкөз Смаилова, облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы:

– Бұл мәселені шешуге болады. Оған ең алдымен аналар сауатты болып, баланы тумай тұрып, денсаулығы мен рухани жағынан дайын болуы керек. Тағы, қоғамда кең таралған нашақорлық пен темекі шегу де жас қыздардың арасында кең таралып кетуі өте қауіпті. Онымен күресу керек.

Жиында талқыланған мәселелер бұл ғана емес. Қатысушылар қоршаған ортаны сақтау, таза ауыз су, сапалы білу беру сынды тақырыптарға да тоқталып, пікір алмасты. Жалпы, мұндай кездесу Петропавлда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық бірлестік өкілдері мен жастар ат салысуда. Мұндай семинар алдағы уақытта еліміздің өзге де қалаларында өтпек.

Шахарбану Жақұпова – «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бүгінгі семинар ойын форматында өтіп жатыр. Оған жастар да, ересектер де қатысып, әлемдегі, облыс аумағындағы өзекті деген мәселелерді қарастыруда. Жиналғандар жай ғана талқылап қана қоймайды, проблемалардың шешілу жолдарын ойластырып, өз ұсыныстарымен бөліседі.

Жалпы, БҰҰ-на мүше мемлекеттер тұрақты дамуға қажетті 17 мақсат, 169 міндет пен 232 көрсеткішті алға қойған. Аталған жоспар аясындағы жұмыстар 2030 жылға дейін орындалуы қажет.

 

 

Актолкын Солтанханкызы