Балалар

Қарттар күніне арналып концерт өтті

Аға буын өкілдерін қолдау айлығы аясында Оқушылар сарайында өңіріміздің шығармашыл жастары концерттік бағдарлама ұйымдастырып, өз өнерлерін паш етті.

Сахнаның шымылдығын «Алуан» тобының өнерпаздары ашты. Мың бұралған биші балақайлардың әуенге сай қимылдары көз қуантпай қоймайды. Амира Асқарбекованың жасы – 6-да. Өнерпаз қыз бүгінгі биін өзінің сүйікті әжесіне арнайды екен.

Амира Асқарбекова – «Алуан» тобының мүшесі:

 – Біз бұл биді үйрену үшін біраз уақыт дайындық жасадық. Барша көрермендерге және әжеме ұнады деген үміттемін. Мен осы биім арқылы әжемді бүгінгі мерекесімен құтықтағым келеді.

Жиналғандарға биден бөлек, әуелеген әуезді әннен де шашу шашылды. Сегіз қырлы бір сырлы дарынды балалар «Туған далам» атты туындыны нақшына келтіріп орындады. Болашақ жұлдыздардың өнері көңілден шыққаны соншалық залда отырғандардың өздері де орнынан тұрып, қосыла биледі.

Өңіріміздің өнерпаз жастары ұйымдастырған концертті тамашалауға Тамерлан Айкенов пен Сандуғаш Молдағалиева да келген. Дарынды жерлестеріміз биыл Алматыда өткен би байқауына қатысып, бірінші орынды алды. Шығармашыл жандар болашақта одан да биік белестерді бағындыратынына сенімді.

Сандуғаш Молдағалиева – “Арман” әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушісі:

– Концерт көңілімізден шықты. Баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құтықтаймын. Денсаулықтарыңыз мықты болсын.

Балалардың шын жүректен әзірлеген концерттік бағдарламасы оларды қолдап келген ата-аналарының да көңілінен шықты. Жиналғандар өнерлерін жылы қабылдап, қошеметтерін аямады.

Айнагүл Илясова:

– Концерт көңілімнен шықты. Балалардың тыңғылықты дайындалғандары көрініп-ақ тұр. Уақытымызды қызықты, әрі көңілді өткізіп жатырмыз.

Қазан 1-і – Халықаралық қарттар күні. Осыған орай елімізде аға буын өкілдері мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап қолдау айлығы бастау алды.

Наталья Сербина – СҚО білім басқармасының бас маманы:

– Біздің мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі жандардың алдында туындайтын қиындықтармен қоғамды хабардар ету. Сондай-ақ, көпшілікті мүгедек адамдарға қолдау көрсетіп, проблемалармен бірге күресуге шақыру. Облысымызда кәмелет жасқа дейінгі 6 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар.

Сонымен қатар, бұл күні қолөнер бұйымдарының көрмесі де өтті. Мұнда қойылған заттардың барлығын мүмкіндігі шектеулі жандардың өздері жасаған.

Бердимурат Баймухан