Құрылыс

“Жас Өркен” ауданындағы екі 18 қабатты тұрғын үйдің құрылысы

Петропавлда екі 18 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қала тарихында мұндай биік баспаналар әлі салынған емес. “Жас Өркен”-дегі қос зәулім нысан жеке меншік емес, ел қазынасынан бөлінген қаржыға, мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылуда. Біреуі келер жылдың басында тапсырылмақ.

Саят Ермек – тілші:

– 18 қабатты баспана Петропавлда бұған дейін салынған емес. Бұл – шаһарда бой көтеріп жатқан, әзірге, ең биік тұрғын үй. Мұнда барлығы 108 пәтер болмақ. Құрылыс жұмыстары небәрі жарты жыл бұрын басталды. Алайда, жоғары қарқынмен мердігер бүгінде шаруаның тең жартысын атқарып үлгеріпті.

Учаскедегі құрылыс ауа райының қыңырлығына қарамастан қызу. Биік крандар соңғы екі қабаттың қаңқасын құруда, бір уақытта 13-14-ші қабаттардың қабырғасы көтеріліп жатыр.

Бұл шақта бірінші 5-қабаттағы пәтерлердің іші әрленіп, инженерлік желілер тартылуда. Баспана небәрі 4 айдан соң 2020-ның басында қолданысқа берілуі тиіс. Уақыт аз. Десе де, мердігер компания нысанды уақытылы тапсырамыз деп сендірді.

Сергей Чернышов – “Зерттеу СК” ЖШС инженер-құрылысшысы:

– Жұмыстардың барлығы кесте бойынша жүріп жатыр, артта қалушылық жоқ. Құрылыс материалдарының шамамен 80 пайызы отандық, сапасы шүбә келтірмейді. 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің саны 36-дан. Олар дайын, жөнделген күйінде тапсырылады.

Өйткені, бұл – коммерциялық баспана емес. Яғни, ол мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатыр. Жергілікті әкімдік берген ақпарға сай, жұмсалған қазына қаржысы 880 млн теңгеден асады. Сондықтан, сапа – қатаң бақылауда. Құрылыс барысын тапсырыс беруші – шаһар әкімдігі ғана емес, “Nur Otan”-ның қалалық филиалы да қадағалауда. Петропавлдағы ең биік тұрғын үй азаматтарға “7-20-25” бағдарламасы бойынша беріледі.

Эльмира Смағұлова – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің сектор меңгерушісі:

 – Бағдарлама бойынша кез келген азамат пәтер ала алады. Ең бастысы, оның жеке меншігінде баспана болмауы тиіс және өтелмеген несиелік қарызы болмауы керек. Сондай-ақ, әр қатысушы өзінің төлем қабілеттілігін, яғни табысын растауы керек. “7-20-25” бойынша ипотекалық несие 20 пайыздық бастапқы жарнамен, 25 жылға, жылдық 7 пайыздық үстемемен беріледі.

Кімнің баспаналы болатыны әзірге белгісіз. Бұқарадан өтініштер құрылыс аяқталып, нысан қолданысқа берілгеннен кейін ғана қабылдана бастайды. Яғни, азаматтар үшін бастапқы жарнаны жинауға қаңтар айына дейін уақыт бар әлі. Ал бұл үйден пәтер ала алмағандарға мұңаюдың, тіпті қажеті жоқ. Оның маңында дәл сондай екінші баспананың құрылысы жүріп жатыр. Ол жоспар бойынша 2020 жылдың желтоқсанында тапсырылмақ.

Саят Ермек