Спорт

“Qyzyljar” FC “Мақтаарал” командасын қапы қалдырды

Сенбі күні “Qyzyljar” FC “Мақтаарал” командасын қапы қалдырды. Жерлестеріміз Түркістан облысына қарасты Атакент ауылынан келген құраманы 3 те 0 есебімен ойсырата ұтты. Осылайша турнирлік кестенің 2-ші орнына нық жайғасты.

“Qyzyljar” FC үшін бүгінгі ойын аса маңызды. Біріншіден кездесу жергілікті алаңда өтеді. Жауапкершілік жүгі өте ауыр. Екіншіден қарсыласымыз – “Мақтаарал”. Азулы команда. Осыған дейін 6 матч бойы ұтылмаған. Тіпті, соның бесеуінде қақпаларына доп жібермеген. Мұны жақсы білетін теріскейліктер төреші ысқырығы шалынысымен алға ұмтылды. Бірақ, бірден гол соға алмады. Түркістандықтардың қорғанысы мығым. Әрі кей сәттерде біздің жігіттерге шеберлік жетіспеді. Мысалы, 1-ші таймның ортасына қарай шабуылшымыз Эльмар Набиев қақпашымен жеке дара шыққан болатын. Алайда, ойындағысын жүзеге асыра алмады. Осылайша алғашқы 45 минуттық та аяқталды. Есеп – 0 де 0.

– Қызылжарлықтардан гол күтеміз. Келесі таймда гол соғулары қажет.

– Мен өзімнің сүйікті командама қолдау көрсетуге келдім. Бүгін біздің жігіттер жеңіске жетеді деп ойлаймын.

Ал екінші таймда қызылжарлықтардың айы оңынан туды. Алдымен 64-ші минутта сұрберген Максим Драченко көзге түсті. Ол айып алаңына асырылған допты қақпаға тура бағыттап, жанкүйерлерді желпінтіп тастады.

Артынша Момоду Сисей жарады. Шабуылшымыз өзінің шеберлігімен ерекшеленді. Ойын соңына қарай жерлестеріміз есепті еселеді. Бұл голдың соғылуы қызық болды. 80-ші минутта төреші мақтааралдықтардың қақпасына пенальти белгіледі. Алайда, Максим Драченконың соққысын қақпашы өткізген жоқ. Есесіне теріскейліктер бұрыштама еншіледі. Дәл осы қапталдан асырылған доп Максим Драченконың арқасына тиіп, гол болды.

Сонымен есеп – 3 те 0. Ойынның қалған бөлігінде ештеңе өзгерген жоқ. “Qyzyljar” FC кезекті мәрте жеңіске жетті.

Максим Драченко – “Qyzyljar” FC жартылай қорғаушысы:

– Мақтааралдықтар – өте жақсы команда. Турнирлік кестенің ортасында тұр. Бізз бірінші таймда гол соға алмадық, ал екіншісінде ойлағанымыз жүзеге асты. Жеңісімізге өте қуаныштымыз. Жанкүйерлерді ары қарай да қуанта беруге тырысамыз.

Қазір қызылжарлықтардың қоржынында 48 ұпай бар. Турнирлік кестеде – 2-ші орындамыз. Жерлестеріміз келесі ойынды 5-ші қазан күні сырт алаңда ақтаулық “Каспий”-ге қарсы өткізеді. Айта кетейік, қазір теңіз жағасындағы жігіттер көш басында тұр.

 

 

Култанов Байболат