Аптадағы маңызды жаңалықтар

Нұротандықтар халыққа жақын болуы тиіс

“Nur Otan” партиясының өкілдері халыққа жақын болуы тиіс! Алайда, бұл міндетті орындамай отырған жандар бар. Мәселен, кейбір аудан әкімдері мен орынбасарлары, жергілікті атқарушы органдардың басшылары арнайы бекітілген кестеге сай қоғамдық қабылдау өткізбейді.

“Nur Otan” – еліміздің ең ірі әрі бас партиясы. Сондықтан да ол халықпен тығыз жұмыс істеп, қоғамдағы өзекті проблемаларды назарсыз қалдырмауы тиіс. Мұны тұрғындар жақсы біледі. Сол себепті, бастауыш ұйым өкілдеріне өтініш-шағымдарын жиі жеткізіп жататыны мәлім. Оны мына статистикадан-ақ аңғарамыз.

Әсем Рахметова – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Үстіміздегі жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыс бойынша қоғамдық қабылдауларға 2608 азамат өтініш берген. Олардың 57 проценті ақпараттық базаға тіркелген. 2018 жылы 12 айдың ішінде қоғамдық қабылдауларға 2458 азамат өтініш берген.

Биыл түскен өтініштердің әзірге 30 пайызы оң шешімін тауыпты. Яғни, 770 сауал біржақты етілген. Алайда, бүгінгі күні партия жұмысына немқұрайлы қарайтын жандар да бар. Мысалы, кейбір аудан әкімдері мен орынбасарлары, жергілікті атқарушы органдардың басшылары арнайы бекітілген кестеге сай қоғамдық қабылдау өткізбейді. Депутаттар да белсенді емес. Бір сөзбен айтар болсақ, халықтың базынасын тыңдауға, тұрғындардың тұрмысын түзеуге құлықсыз. “Бұдан былай мұндай атқамінерлер жазаланады” -, деді өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Фактілер анықталса аудандық филиалдардың төрағаларын жауапқа тарту керекпіз. Бүкіл жұмыс ең біріншіден филиал төрағаларына байланысты.

Жиын барысында Құмар Ақсақалов Елбасы, “Nur Otan” партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерін тілге тиек етті. Яғни, өңір жетекшісі қоғамдық қабылдаулар халықты күтіп отыруы тиіс емес, керісінше тұрғындарға өздері бару керек деді. Әсіресе, жергілікті билік өкілдері шеткері ауылдарды аралауы міндетті.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Өтініштердің 50 пайызы аудандардан түскен. Яғни, ұсыныс-тілектер аймақтық қоғамдық қабылдаулардан өтіп, облыс, республикалық деңгейде қаралып жатыр. Бұл біз үшін кемшілік болып саналады. Әрине, сауалдардың барлығы аудандарда шешіле бермейді. Бірақ, соның өзінде сұрақтардың басым бөлігін біржақты етуге болады деп ойлаймын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығарар болсақ, нұротандықтар партия атына кір келтірмеуі, құрғақ уәдемен шектелмеуі тиіс. Үнемі халықтың өтінішін ескеруі міндетті. Бұл – аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы. Жиын соңында облыстық мәслихат жанындағы “Nur Otan” депутаттық фракциясының жетекшісі Юрий Белоног облыс әкіміне “Депутат СКО” қосымшасы жайлы айтты. Оның көмегімен тұрғындар өз аумақтарындағы халық қалаулыларын тауып, сұрақтарын қоятын болады. Жаңашылдық қарашада іске қосылмақ.

Култанов Байболат