МТРА жаңалықтары

Бірыңғай есеп беру күні

Бірыңғай есеп беру күні! Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде бизнес қауымдастыққа арналған іс-шара өтті.

Шара кәсіпкерлерге арналған. Жиынға бизнес өкілдеріне айтары бар мемлекеттік орган өкілдерінің барлығы жиылыпты. Жыл бойы жүргізілген тексеріс пен оның нәтижелерін мамандар ортаға шығып, жіпке тізіп жатыр. Кәсіпкерлер үшін өткізілген бірыңғай есеп беруде іскерлер белсенділік танытпады. Осылайша, қос тарап арасында құрылуы тиіс диалог тек баяндамадан тұрды.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қазіргі таңда бизнес жүргізу ісі аз да болсын жеңілдеді. Кәсіпті бастау үшін бұрынғыдай төтенше жағдайлар департаментінен 9 бірдей рұқсат қағазды алу қажет емес, бүгінде олардың саны 2-ге дейін қысқарды. Тексерістер де әжептәуір азайтылды. 2018-дің 9 айында мыңнан аса шара ұйымдастырылса, биыл ол бар-жоғы 647-ні құрады.

Бизнес өкілдеріне деген жеңілдіктердің қатары артып келеді. Бастысы іскерлердің өздері де жауапкершілікті сезінсе екен. «Страна товаров», «Пицца хаус» пен «Кристаллдың» өртке оранғаны барлығымыздың есімізде. Төтенше жағдайларды алдағы уақытта болдырмау қажет. Ол үшін өрт сөндіргіш құралдарын әрдайым қалыпта ұстап, дабыл қаққышты орнатқан жөн. Әйтпеген жағдайда, жоғарыда аталған оқыс оқиғалар қайталануы мүмкін. Іскер жандардың жауапкершілікке бей-жай қарауына еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Пішенбаев тоқталып өтті.

Қайрат Пішенбаев – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– 2019 жылы мемлекеттік инспекторлар азаматтың 814 өтінішін қарады. 556 еңбек заңнамасын бұзушылық анықталды.

Ал, кейбір бизнес өкілдері өз еңбеккерлерінің жағдайын мүлдем ойламайтын көрінеді. Салдарынан жыл басынан 20 адам өндіріс барысында жарақат алған. Біреуі, өкінішке қарай, көз жұмды.
Айта кету қажет, бірыңғай есеп беру шарасы биыл елімізде мемлекет басшысының бастамасымен алғаш рет өткізілуде. Ал, келесі жылдан шара дәстүрлі түрде қыркүйек айында ұйымдастырылатын болады.

Эльмира Садвокасова