Қоғам

1 қазан – Халықаралық қарттар күні

Қазанның 1-і – Халықаралық қарттар күні! Атаулы датаға орай өңірімізде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Ертең облыс орталығында 800 адамға арналып концерт өтеді. Тағы, медициналық мекемелер аға буын өкілдерін қабылдайтын болады. Ал қоғамдық көліктер зейнеткерлерді тегін тасымалдамақ.

Қазақта қарты бар елдің, қазынасы бар дейді. Өте орынды айтылған сөз. Өйткені, аға буын өкілдері – әр уақытта да ардақ тұтар ақылшымыз, жолсілтейтін жақындарымыз. Сондықтан да мұндай жандарға құрмет көрсету баршамызға перзенттік парыз саналады. Бұл міндетті теріскейліктер абыроймен атқарып жүр деп сеніммен айта аламыз. Мысалы, былтыр жерлестеріміз облыс аумағындағы зейнеткерлерге 288 млн теңгенің көмегін көрсетіпті.

Анатолий Корабельников – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Өткен жылы “Қайырымдылық сенбілігін” өткіздік. Оның нәтижесінде жерлестеріміз арнайы шоттарға өздерінің біркүндік жалақыларын аударды. Осының арқасында қомақты қаржы жиналып, мыңдаған адамға көмек көрсетілді.

Дәстүр биыл да жалғасып таппақ. Өңірімізде 1 ай көлемінде қарттарға көмек көрсету айлығы өтеді. Яғни, қазан мен қараша аралығында жергілікті билік және жаны жомарт теріскейліктердің бас болуымен солтүстікқазақстандық зейнеткерлерге жағдай жасалады. Игі шараның негізгі бөлігі ертеңге жоспарланған. 1-ші қазанда атқарушы органдардың басшылары үйде отырған аға буын өкілдерін атаулы датамен құттықтап бармақ. Бұл мерекенің басы ғана.

Жангелді Тәжин – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Осы күні мемлекеттік мекемелер өздерінің қарттарын шақырып, құрмет көрсетеді. Қалада үлкен концерттер өтеді. Мысалы, ертең сағат 4-те “Жастар сарайында” 800 адамға арналған үлкен концерт болады. Емдеу мекемелері осы күндері тегін қабылдау өткізеді.

Сонымен қатар, ертең зейнеткерлер қаламыздағы қоғамдық көліктермен тегін қатынай алады. Яғни, өздерінің куәліктерін көрсету арқылы 1 күн бойы автобуспен ақысыз жүретін болады. Айта кетейік, бүгінде өңірімізде 103 мың зейнеткер бар.

Култанов Байболат