Қоғам

Президенттік жастар кадр резервіне тіркелу

Ел бойынша президенттік жастар кадр резервіне құжаттарды қабылдау жүріп жатыр. Өз білімі мен біліктілігін республика бойынша бүгінде мыңдаған адам сынап көруде. Байқау 4 кезеңнен тұрады. Алғашқысы ағымдағы айдың 30-ына дейін жалғаспақ. Осыған орай облыс орталығында қаланың жұмысшы жастарымен кездесу өтті.

Жиынға мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер мен жұмысшы жастар жиналды. Онлайн тіркеуден 150-ден астам адам өткен. Бүгін солармен мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті өкілдері жүздесіп, «Президенттік жастар кадр резерві» бағдарламасымен таныстыруда.

Амангелді Сатанов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының баспасөз қызметшісі:

– Мұның мақсаты – ел Президенті айтқандай президенттік резервке жастарды іріктеу.

Резервке өтуге еңбек өтілі 5 жылдан кем емес кез келген азамат өтініш білдіре алады. Жасы 35-тен аспауы қажет. Қазір бірінші деңгейі өтіп жатыр. Яғни онлайн тіркелу. Содан кейін қазан айында тестілеу болады. Одан әрі қатысушылар жоба қорғайды. Нәтижесінде бүкіл ел бойынша 300 адам іріктелініп алынады.

Ирина Тухватулина – СҚО жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарманың басшысы:

 – Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Осы бағдарламаның арқасында әр саланың маманы өз қабілетін көрсетіп, еліміздің дамуына үлес қоса алады.

Құжаттарды қабылдау қыркүйектің 1-інен бастап 30-ына дейін жалғасады. Ол онлайн жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Іріктеуден сүрінбей өткен азаматтар желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ұлттық комиссия отырысына жолдама алады.

 

 

Бердимурат Баймухан