Аптадағы маңызды жаңалықтар

Отандық компанияларға қолдау көрсету

Отандық тауар өндірушілерге халықаралық сертификат керек. Құжат өнімдерді тек Қазақстанда емес, шетел нарығында да саудалауға мүмкіндік береді. Себебі, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өздеріне қажет шикізаттың – 50, қызмет түрлерінің 70 пайызын өзге мемлекеттерден алып отыр.

СҚ – аграрлы сала. Теріскей өңірі дегенде де ойға келетіні бірден алтын дән. Содан болар, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар кейде біздің аймақтағы кәсіпорындарды елемейді. Олардың саны Петропавл қаласында – бесеу. Қайсысы болмасын өз тауарларын қазақстандық нарыққа ғана емес, шетелге шығаруға дәмелі. Алайда, бірқатар қиындықтар бар. Өзге мемлекеттер былай тұрсын, өзіміздің өндіріс ошақтарымыз да барынша отандық шикізатқа көшеміз деп құлшынбайды. Себебі, сатып алатын тауар мен қызметтердің сапалы болғандығын қалайды.

Жанна Байтемірова – «Қазақстандық «QazIndustry» экспорт және индустрия орталығы» АҚ өндірістік кооперация мен аймақтық дамыту орталығы директорының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы:

– 2018 жылы еліміздің жер қойнауын пайдаланушы іргелі компаниялар жалпы сомасы 16 трлн теңге болатын тауарды сатып алған. Солардың 50 пайызы – отандық өндірушілерге тиесілі. Ал, қызмет түрлерін алып қарайтын болсақ, 70 проценті – шетелдіктердің үлесінде. Яғни, біздің кәсіпорындар инженерлер, геологтар, IT мен білім беру салаларының мамандарын өзге мемлекеттерден шақыртады. Қазір бұл бағыт біздің республикада да дамып келе жатқанын атап өту қажет. Алдағы уақытта көрсеткіш қазақстандықтардың пайдасына қарай өзгереді деген үміттеміз.

АрселорМиттал Темиртау болса қазақстандық өндірушілерді барынша қолдауға тырысуда. Алғашқы жартыжылдықта іргелі кәсіпорын жалпы құны 189 млрд теңге болатын шикізат пен қызмет түрлеріне қол жеткізген. Компания сатып алатын шикізаттарының 65 пайызы -отандық тауарлар. Өндіріс ошағы өкілдерінің сөзінше бұл көрсеткішті олар қуана-қуана 100-ге дейін жеткізуге дайын. Бар гәп – сонда. Акционерлік қоғамның сұранысын еліміздегі зауыттар толықтай қанағаттандыра алмайды.

Інжу Күзеубаев – «АрселорМиттал Темиртау» АҚ бөлім басшысы, Қарағанды облысы:

– Біз жұмысқа қажетті бөлшектерді шетелден алуға мәжбүрміз. Егер олар Қазақстанда шығарылса, міндетті түрде сатып алар едік. Бұл ретте үкімет тарапынан отандық кәсіпорындарға көрсетілетін қолдауды күшейту қажет деген ойдамын. Ұзақ уақытқа, төмен пайыздық үстемемен несие беру керек. Сонда қазақстандық өндіріс ошақтары ассортименттерін кеңейтіп, қуаттылықтарын арттыру мүмкіндігіне қол жеткізеді.

АрселорМиттал Темиртау – көпке үлгі. Алайда, олардың тәжірибесіне ірі компаниялардың барлығы бірдей сүйенгісі келмейді. Отандық кәсіпорындардың бірқатары шығарылатын тауардың сапасын тек халықаралық сертификатқа сүйеніп мойындайды.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Құжатқа қол жеткізу бір минуттық іс емес әрі қомақты қаражат қажет. Осылайша, қазақстандықтар серіктестерінен қағылып жатыр. Бұл ретте «QazIndustry» орталығы көмекке келмек. Мамандар сертификатты алуға қол ұшын созады. Қазір сайтта тіркеу жүріп жатыр. Ал, екі аптадан кейін теріскейге сарапшылар келіп, сұрақтың шешіміне кіріседі. Айта кетерлік маңызды жайт, аталған акционерлік қоғам құжатты алуға қажетті қаражатпен де көмектесеміз деп отыр.

 

Эльмира Садвокасова