Қоғам

Еңбегі еленген жандар

Облыс орталығында Еңбек күні аталып өтілді. Дәстүрлі шарада жұмысшы жандардың қоғамдағы алатын орны туралы айтылды. Және өңірдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар мен компания өкілдері марапатталды.

Жиынның басында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев барша жұртты айтулы мерекемен құттықтады.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Елбасының жарлығымен қыркүйектің соңғы жексенбісі «Еңбек күні» деп белгіленген болатын. Бүгін біз Елбасының бастамасымен жыл сайынғы дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстарының жеңімпаздарын құттықтауға жиналып отырмыз.

«Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас қызметкері» және «Жұмыскер жастардың үздік тәлімгері». Үстіміздегі жылы аймақтық «Еңбек жолы» атты конкурс ұйымдастырылған болатын. Оған 21 кәсіпорын мен ұйым қатысты. Атаулы мереке қарсаңында сол байқаудың жеңімпаздары белгілі болды. Жүлдегерлер осы 3 номинация бойынша марапатталды. Владимир Олексюк Шкодиндер әулетінің атынан келіп отыр. Олар 99-жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірумен айналысады. Бүгін еңбектері еленіп, «Үздік еңбек әулеті» атауымен марапатталды.

Владимир Олексюк – «Агрохимснаб» ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Бұл байқауға бірінші рет қатысып жатырмыз. «Үздік еңбек әулеті» атағына біздің отбасы лайық болып танылғанына ризамын. Алдағы уақытта өз өнімімізді өңдеп шығару жоспарда бар.

Мереке қарсаңында өндіріс орындарында қызмет етіп, еңбегі сіңген ардагер жандар да назардан тыс қалмады. Аға буын өкілдеріне облыс әкімінің атынан алғыс хат табысталды.

Нұрмұхамбет Арзақұлов – зейнеткер:

– Мен «Қызылжар су» серіктестігінде 20 жылдай слесарь болып жұмыс істедім. Бүгінгі шараға мені еңбек ардагері ретінде шақырып, марапаттап жатыр. Еңбегімді бағалап жатқандары үшін рахмет. Қуанышым шексіз.

Сондай-ақ, республикалық «Парыз» конкурсының жүлдегерлері де атаулы мереке қарсаңында белгілі болды. Сайысқа қатысуға барлығы 38 кәсіпорын мен ұйым өтініш білдірген. Солардың қатарынан 18 лауреат құрметке бөленді. Жеңімпаздар республикалық байқауда бақ сынайды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

 

 

Бердимурат Баймухан