Қоғам

Биыл күнгейден Есіл ауданына 38 отбасы қоныс аударған

Биыл Есіл ауданына еліміздің оңтүстігі мен Нұр-Сұлтан қаласынан 38 отбасы, яғни 101 адам көшіп келіпті. Қоныс аударушыларды қабылдау әлі де жалғасады. Жыл соңына дейін тағы 4 жанұяны қарсы алу жоспарланып отыр. Күнгейден келген ағайынға тиісті жағдай жасалады. Мемлекет қолдауын тиімді пайдаланған Мырзахметовтар әулеті қазір өздерінің азын-аулақ кәсібін дөңгелетіп отыр.

Мырзахметовтар отбасы шілде айында Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданынан қоныс аударған. Оларға жалпы сомасы 1 млн 300 мың теңге көлемінде мемлекеттік квота беріліпті. Жанұя сол ақшаның көмегімен бүгінгі күні жаңа баспананың түтінін түтетіп отыр. Үйдің іші жайлы әрі кең. Күнгейден келген ағайындар солтүстіктің құбылмалы ауа райына да үйреніп қалыпты. Көршілер мен де тез тіл табысып кеткен екен. Қыздардың оқу үлгерімі де жақсы.

Баян Тайменова – күміс алқа иегері. Үш ұл мен үш қыз тәрбиелеп отырған нәзікжанды үкіметтен көрсетілген көмекке алғысы шексіз.

Баян Тайменова – Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Явленка ауылына көшіп келдік. Бізді мұнда жақсы қарсы алды. Оңтүстіктің ауа райы ыстық. Бұл жақ салқын екен. Бірақ та үйреніп қалдық.

Отағасы Нұрболат Мырзахметов келе салысымен кәсіпкерлікке ден қойған. Ол «Бастау Бизнес» жобасының аясында оқудан өтіп, 260 мың теңге көлемінде грантқа ие болыпты. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама аясында 1,5 млн теңге несие рәсімдеп, сол ақшаға 5 бас ірі қара мен 10 қой сатып алған. Қазір ісі ақырындап алға басып келеді. Ер азамат аз уақыт ішінде жерге көкөніс те егіп үлгерген. Қазір алғашқы өнімін жинап, қысқа қамдану үстінде.

Нұрболат Мырзахметов – кәсіпкер, Явленка селосы, Есіл ауданы:

– Солтүстік өңір мал өсіруге өте қолайлы. Жайылым да кең екен. Малдың басын көбейткім келеді.

Жалпы, жыл басынан бері Есіл ауданына оңтүстік өңірлер мен Нұр-Сұлтан қаласынан 38 отбасы қоныс аударыпты. Олардың 33-і “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 15 млн теңге көлемінде субсидия алған.

 

 

Бердимурат Баймухан