Балалар

Теріс діни ағымдардың алдын алу

Жыл басынан бері өңірде теріс ағымды насихаттау бойынша 18 факті тіркелген. Оған қатысы бар деген 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Эктремизм мен терроризм – қазіргі уақытта қоғамды қатты алаңдатып отырған өзекті меселелердің бірі. Қоғамдық даму және ақпарат орталығының теологы Қанат Мұстафин түрлі теріс діни ағымдардың арбауына түсетіндердің дені жастар дейді. Сондықтан, теріскейлік мамандар оңды-солын танып үлгермеген студенттерге жат пиғылдан сақтанудың жолдарын үйретуде.

Қанат Мұстафин – СҚО қоғамдық даму және ақпарат орталығының теолог маманы:

– Жалпы, экстремизм және терроризмнің анықтамаларына тоқталып өтеміз. Сонымен қатар, жастарға бейнероликтер мен слайдтар көрсетіледі. Ваххабизм және салафизмнің солардың пайда болу уақыты және тарихы жайлы баяндалады.

Мамандардың айтуынша, теріс діни ағымның жетегінде кеткендердің басым бөлігі – әлеуметтік желілерді қолданушылар. Өйткені, қолы қалт етсе ғаламтор шарлайтын жастарды жалған ақпаратқа сендіру оңай көрінеді. Сондықтан, келер буынның санасында қоғамдық дертке қарсы ой қалыптастыру керек екен. Жалпы, жиынға М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің студенттері қатысты. Оларға жат пиғылға еліктеудің соңы немен аяқталатыны жайлы түсіндіріліп, діни сауаттылықты арттыру жайы айтылды.

Ұлан Мұсайбек – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Мен ондай ағымдарға қарсымын.  Одан да жастар бос уақыттарын оқумен, спортпен айналысумен өткізсе. Өзін қызықтыратын істерімен айналысса, осындай жаман жолдарға түспейді.

Бахтияр Амангельдинов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Бүгін бізге ислам дінінің дұрыс тарихын айтып берді. Оның қайдан шыққанын, біз білмеген нәрселердің барлығын үйретті.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, теріс ағымды насихаттаушылардың жасы 25 пен 40-тың аралығында болатын көрінеді. Жалпы, өңірдің тәртіп сақшылары жыл басынан бері жат пиғылды үгіттеу бойынша 18 фактіні тіркеген. Оның ішінде 13 адамға әкімшілік айыппұл салыныпты.

Маржан Касымбек