Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да 2 бірдей зауыт мұнай-газ саласын жабдықтайды

Қазақстан мұнай өндіруші елдердің үздік 15-тігіне кіреді. Маңыздысы, қойнаудан қара алтын алатын отандық компанияларға тиісті қондырғыларды шетелден әкелудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде жасалады. Солтүстік Қазақстан облысында мұндай екі бірдей зауыт бар. Қос кәсіпорын да мұнай-газ өндірісіне қажетті құралдар мен қосалқы бөлшектерді шығарады.

Қара алтынды қойнаудан тартатын ұңғымалы сорғылар мен түрлі қосалқы бөлшектер. “Мұнаймаш” – отандық мұнай-газ саласында ойып тұрып орын алған зауыт. Өндіріс көлемі өте ауқымды. Бір ғана сорғылардың жылына 7 мың данасы шығарылады мұнда. Жапонның дәлдігі жоғары 12 білдегі бүгінде жұмыс істеп тұр.

Саят Ермек – тілші:

– “Мұнаймаш” қазір толық қуатта жұмыс істеуде. Мұнай саласына қажетті қондырғылар мен қосалқы бөлшектерді зауыт тек ішкі нарықта саудалайды. Жыл аяғына дейін кәсіпорын жалпы сомасы 3 млрд теңгенің тапсырысын орындамақ. Негізгі тұтынушы – “ҚазМұнайГаз”.

Тапсырыстар жыл аяғына дейін жетеді. Ал келер жылы зауыт тоқтап қалады деген қауіп жоқ дейді басшылық. Сөздерінше, қазір алдағы бірнеше жылға келісімшарттар жасалып жатыр. Кәсіпорын экспортқа шықпайды. Өйткені, алдымен ішкі сұранысты қанағаттандырып алу керек, ал сұраныс жоғары. Сондықтан, былтырғы жылы “Мұнаймаш” ауқымды модернизацияны бастаған. Нақтырақ айтсақ, өнімді қыздыратын жаңа қондырғылар алыныпты. Жаңғырту жұмыстары 2019-дың аяғында тәмамдалмақ.

Федор Дмитриев – “Мұнаймаш” АҚ басқарма мүшесі:

– “Қазір Ресей Федерациясынан шахталық пештерді күтіп отырмыз. Бұл пештер өнімге термиялық өңдеу жасайды. Яғни, мұнай ұңғымаларына технологиялық әсер ететін қондырғыларды қыздыру үшін керек. Жаңа жабдықтар зауыттың өнімділігі мен тауардың сапасын біршама арттырады.

150 адам жұмыс істейді зауытта. Орташа айлық – 153 мың теңге. Виталий Ольховик – манағы жапондық 12 білдектің бірін бақылайды. Оператор болып еңбек етіп жүргеніне 6-шы жыл. Айтуынша, жұмыс жауапты.

Виталий Ольховик – “Мұнаймаш” АҚ білдек операторы:

– Яғни, станок жасаған өнімнің сапасын алғашқы болып тексеремін. Ешқандай ақау болмуы тиіс. Өйткені, басты міндет – сапалы өнім шығару. Жоғары жауапкершілікке қарай, жалақы да жоғары.

“Мұнаймаш”-тан бөлек өңірде “Петромаш” кәсіпорны да бар. Ол да мұнай-газ саласын техникалық жабдықтаумен айналысады. Өндіріс ошағы қондырғылардың 100-ден астам аталымын шығарады. Оны ішкі нарыққа ғана емес, көрші Ресейге де саудалайды. Мұнда 48 білдек бар. Станоктардың көбі кеңестік кезеңнен қалған, бірақ олар зауыт жұмысын тіпті тежеп жатқан жоқ дейді басшылық.

Десе де, ақырын жүріп, анық басып “Петромаш” материалдық техникалық базасын жаңғыртуда. Манағы 48 білдектің 12-сі бағдарлама арқылы басқарылады. Өндіріс көлемі мұнда да осал емес. Жыл аяқталғанша зауыт 1 млрд 300 млн теңгенің тапсырысын орындауды жоспарлап отыр.

Саят Ермек