Энергетика

Петропавл 2-ЖЭО жаңғырту жұмыстары

Биыл Петропавл 2-ші жылу электр орталығындағы 10 қазандық пен турбоагрегаттардың барлығы қайта қалыпқа келтіріліпті. Қуаттылығы жоғары автотрансформатор да сатып алынған. Бұл іске 3 жарым млрд теңгеден аса қаржы бағытталған екен. Бүгінде орталықта отын қоры да жеткілікті.

Облыс орталығы, өңіріміз бен Ресейдің бірқатар аудандары! Бүгінгі күні Петропавл 2-ші жылу электр орталығы осы жерлерге қызмет көрсетеді. Яғни, жылу және жарық таратады. Жұмыс өте жауапты. Мысалы, Сергей Торохтий таңғы 8-ден кешкі 20:00-дейін мына компьютердің маңынан шықпайды. Оның басты міндеті – күллі істі көз алмай қадағалау, өндірілетін дүниені барынша үнемдеу.

Сергей Торохтий – Петропавл 2-ЖЭО ауысымының аға бастығы:

– Егер де іс барысында қандай да бір техникалық ақау орын алса, жылу және жарық шамадан тыс беріледі. Салдарынан өндірілетін өнім үнемделмейді. Бұл үлкен қателік десем артық айтпағаным. Сондықтан, біз жұмысты аса мұқияттылықпен атқарамыз. Мысалы, мен өзім вакуумның болғанын, будың температурасын, көмірдің жағылуын жіті қарап отырамын. Жүктелген жұмыс қиын. Бірақ, қызықты.

Жылу мен жарықты үнемдеу үшін станция қауырт маусымға қызу дайындалыпты. Мұнда бүгінгі күнге дейін 10 қазандық қайта қалыпқа келтірілген. Алдағы уақытта тағы 2-уінде тиісті жұмыстар жүргізілмек. Турбоагрегаттар да жөндеуден өтіпті. Бұдан бөлек, заманауи автотрансформатор орнатылған. Оның іске қосылумен апаттық жағдайлардың саны әжептәуір қысқарған екен. Жарық еш қиындықсыз өндіріліп жатыр. Қондырғының құны 1 млрд 300 млн теңгеден асады.

Вадим Ягодин – Петропавл 2-ЖЭО бас инженерінің міндетін атқарушы:

– Үстіміздегі жылы орталықта қайта қалыпқа келтіру және жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін 3,5 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл – “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ өз ақшасы. Жұмыстар мұнымен аяқталған жоқ. Қолға алған жобаларымыз бар. Оларды кезең-кезеңімен аяқтайтын боламыз.

Ал, отын қоры қалай? Петропавл 2-ші жылу электр орталығының өкілдері қауырт маусымға көмір де, мазут та жеткілікті деп отыр.

Вадим Ягодин – Петропавл 2-ЖЭО бас инженерінің міндетін атқарушы:

– Қазір қоймада 164 мың тонна көмір бар. Бұл бізге жеткілікті. Былтырдан 750 тонна мазут та қалды. Қазан, қараша және желтоқсан айларында бізге тағы 3 мың тонна мазут әкелінеді. Оған келісім шарт жасалды. Отын қоры жеткілікті.

Орталық қоршаған ортаға қатысты талаптардың сақталуына да бейжай қарамайды. Қазір мұндағы қазандықтарда арнайы қондырғы жұмыс істейді. Ол зиянды қалдықтардың 99 пайызын ауаға жібермей, өзінде сақтап қалады.

Байболат  Култанов