МТРА жаңалықтары

Күрмеуі көп істің жалғасы

Күрмеуі көп істің жалғасы. Қыркүйектің 13-і арнамыздың эфиріне зейнеткер Лариса Каплунова жайлы материал шыққан еді. Бескөл ауылының тұрғыны жұбайының өліміне қатысты тергеу сылбыр жүргізіліп жатыр деп шағымданған болатын. Ал осы аптада бізге оқиғаға тікелей қатысы бар күдікті жүгінді. Қайғылы жайтқа қатысты оның өз айтары бар.

Лариса Каплунова:

– Оның бас сүйегі сынған. Салдарынан миына қан құйылыпты. Дәрігерлер құтқаруға қауқарсызбыз деді. Мамырдың бірі маған хабарласып, күйеуімнің көз жұмғанын хабарлады. Денем бірден жансызданып, бір орында қатып қалдым.

Өткен көктемде жесір қалған 65 жастағы Лариса Каплунованың қайғылы оқиғасы есіңізде болар. Бұл сюжет қоғамды дүрліктірмей қоймады. Әлеумет желіде де оқиғаға қатысты әділдіктің орын алуын талап еткендер табылды.

– shaliapina820 «Барып тұрған бассыздық. Бұзушылықтар көп. Министрлікке жүгіну керек. Мүмкін, сонда ғана іс бойынша дұрыс процессуалдық шешім шығарылар».

– ol_ga1043 «Жарайсыз! Әділдікке жету керек. Әйтпесе, Бескөлде тек қоғамдық орында ішімдік ішетіндерді ғана ұстайды. Басқасы – нөл».

– s.t.a.s.14 «Бір қалталы азамат не байдың ұлы болар. Сондықтан, жазадан жалтарып жатқан шығар. Аты-жөні жаңалықтардан неге айтылмады?»

Алғашқы материал эфирге шыққаннан кейін арнамызға қайғылы оқиғаның фигуранты Александр Лавров жүгінді. “Ваз Патриот” көлігін дәл осы азамат тізігіндеген. Бескөлдің қақ ортасындағы трагедия турасындағы оның нұсқасы басқа.

Александр Лавров:

– Сіздерге берген сұхбатында Каплунова мен басқарған көлік жолдың ортасында әдейі тұрып алды деді. Бірақ, бұл олай емес. Жолда машина мен жаяу жүргіншілер көп болды. Сондықтан, тоқтауға тура келді. Олар артымнан дабылдатып тұрып алды. Ал мені айналып өтпек болғанда қарсы келе жатқан көлікпен соқтығысып қала жаздады. Осыған ызаланған болар, жол босағанда олар менің алдыма шығып алып, жолымды бөгеді. Соқтығысып қалмау үшін мен жолдың шетіне шығып кеттім.

Лавровтың сөзінше, мұның бәрі іс бойынша хаттамада тайға таңба басқандай жазылған. Куәгерлер де бар. Сондықтан, жәбірленуші тағып отырған айыптарды ол негізсіз санайды.

Лариса Каплунова:

– Полицейлер келгенше оны ұстап тұру үшін күйеуім көліктің табалдырығына мініп тұрып алды. Кенет машина алға қарай зыта жөнелді. Бұдан соң жүргізуші тежеуішті басып, көлік лезде тоқтай қалды. Инерциядан ба, әлде рөлдегі адам ұрып жіберді ме, білмеймін, жұбайым артқа қарай ұшып түсіп, жерге басымен құлады.

Ал араға 5 күн салып алған жарақаттарының ауырлығынан 60 жастағы Владимир Пятигорскийдің көз жұмғаны айтылды. Бірақ, оның өліміне Лавров кінәлі емеспін деп отыр.

Александр Лавров:

– Ия, көлік кенет алға жүріп кетті. Бірақ мен мұны әдейі істеген жоқпын. Кикілжіңді жалғастырмау үшін кетіп қалмақшы болғанмын. Ол көлігімнің табалдырығыма мініп алып, мені ұра бастады. Бір соққы қабағыма тиді. Сол сәтте, көлік тізгінінен айырылып қалдым. Машина өздігінен жүріп кетті.

Саят Ермек – тілші:

– Біздің міндет – қайғылы оқиғаға қатысы бар қос тарапты тыңдап, сөздерін жұртшылыққа жеткізу. Ал күдікті кінәлі ме, жоқ па – оны біз емес, тергеу анықтайды. Істің тамыздың соңында қайта қозғалғаны белгілі. Полицейлер бүгінде күрмеуі көп оқиғаның ақ-қарасын ажыратуға тырысуда.

Саят Ермек