Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аймақ басшысы ПАМЖЗ-дағы жаңғырту жұмыстарымен танысты

4 жарым млрд теңге. Петропавл ауыр машина жасау зауытын жаңғыртуға ел қазынасынан осынша көлемде қаржы бөлінген. Бүгінде қомақты қаражатқа 22 су жаңа шетелдік станок алыныпты. Келесі жылы мұнда тағы 17 қондырғыны орнату көзделіп отыр. Модернизация шаралары өз кезегінде ТМД елдерінен түсіп жатқан тапсырысты тез әрі сапалы орындауға септеспек.

Қазіргі таңда ТДМ елдеріндегі термовагондардың паркі 90 пайызға тозған. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100-ге дейін жетеді. Яғни, тез бүлінетін азық-түлік пен астықты жеткізуге арналған тасымал құралы сұранысқа аса ие. Осылайша, көрегенділік танытқан Петропавл ауыр машина жасау зауыты мұндай вагондарды шығаратын жалғыз кәсіпорынға айналып отыр. Бәсекелестік мүлдем жоқ. Сондықтан, сұраныс жоғары болады деп күтілуде. Тасымал құралының алғашқы бесеуі Ресейдегі жаңа иелеріне аттанды, тағы екеуі жіберілуге дайын тұр. Ендігі мақсат – сериялы өндірісті қолға алу.

Ахан Кәрімов – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директорының орынбасары:

– Бұл цех ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей бос тұрды. Жарты жыл бұрын жобаны қолға алғаннан соң өндіріс ошағына екінші өмір сыйладық деуге болады. Алдымен екі вагон жасап, сынап көрдік. Тасымал құралдары Қазақстан мен Ресейде де барлық тиісті тексерістен өтті. Қазір қолымызда ТМД елдеріне саудалауға рұқсат беретін сертификат бар.

Жақын арада барша ТМД елдерінің қолданысында болатын вагондар – міне. 10 күнге дейін температураны сақтап, діттеген жеріне дейін жеткізетін тасымал құралының бір-біреуі 30 млн теңгені құрайды екен. Цехта екі ауысыммен 50 адам жұмыс істейді. Олардың саны термовагондардың сериялы өндірісі бір жолға қойылғаннан кейін артпақ. Ал, ойдағыны жүзеге асыруға бүгінде мүмкіндік бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Зауыттағы жаңғырту жұмыстары жөніндегі келіссөздерді 2017 жылдан бері бастадық. Себебі, кәсіпорынның әлеуеті зор. Бірақ, ескі техникамен бәсекеге қабілетті болу өте қиын. Қазір модернизацияны жалғастыру бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Бұл жоба біз үшін өте маңызды. Әлі заманауи камера мен бояйтын қондырғылар қажет. Әйтпесе, соңғысын мамандар өздері орындап жүр.

Зауыттықтардың жаңа қондырғыларға көзі енді үйреніп келеді. Мамандар 50 жыл бойы ескі станоктарда еңбектенген. Айтарлықтай айырмашылық техниканың өзінде ғана емес, онымен жұмыс істегенде де байқалады. Виктор Звягинцев бұрын 8 сағат бойы білдектің алдында тік тұрған. Әрбір бөлшекті әзірлеуге тікелей өзіміз атсалысатынбыз дейді ол. Қазір азаматтың қызметін қондырғының өзі атқарады.

Виктор Звягинцев – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ операторы:

– Мен станокқа арнайы бағдарлама жазамын. Қондырғы сол бойынша жұмыс істейді. Ал, біз процесті бақылап тұрамыз. Заманауи жабдықта жұмыс істеудің қыр-сырын Мәскеуден келген мамандар көрсетті. Осында 1 ай бойы оқып-тоқыдық.

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесі шынымен де көп күттірмеді. Кәсіпорында қазір су жаңа станоктың 22-сі орнатылған. Оңтүстік Кореяда шығарылған жабдықтың біреуі қуаттылығы жөнінен ескі қондырғылардың 10-15-ін алмастыра алады. Ал, келесі жылы олардың қатарын немістің соңғы үлгідегі заманауи 17 білдегі толықтырмақ. Осылайша жұмыс қарқыны едәуір артатын болады. Дәл осындай өзгерістер Киров атындағы зауытта да қолға алынған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Үкімет басшылығымен келіссөз жүргізіп, Елбасының тікелей тапсырмасымен екі зауыттың модернизациясына 6,7 млрд теңге бөлінді. 4,5 млрд – Петропавл ауыр машина жасау зауытына, қалғаны Киров атындағы зауытқа. Бұл модернизацияны әрі қарай жалғастыратын боламыз. Қазір үкіметпен тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Жаңа станоктардың санын көбейту қажет.

Қондырғылар өнімділікті арттыруға септесуде. Мәселен, кәсіпорын былтыр бар-жоғы 3,5 млрд теңге табыс тапқан. Биыл бұл көрсеткішті Петропавл ауыр машина жасау зауыты жаңа жобалар мен модернизацияның арқасында 9 млрд-қа жеткізуді көздеп отыр.

Эльмира Садвокасова