Энергетика

Коммуналдық төлемдерді төлеу әдістері

Коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу әдісі соңғы бірнеше жылда біршама жеңілдей түсті. “Севказэнергосбыт” серіктестігі берешекті өтеу үрдісін цифрландырып, жұртшылыққа ыңғайлы етуге тырысып жатыр. Сондай-ақ, мұнда тұтынушылармен кері байланыс орнату да жолға қойылған. Жұмыстағы жаңашылдықтарын компания мамандары БАҚ пен қоғам өкілдеріне баяндады.

Коммуналдық қызметтерді төлеу де бір машақат. Су, жарық, газ бен жылу былай тұрсын, қоқыс шығару, домофон мен интернет үшін де қарызды өтеу керек. Тізім ұзақ. Сондықтан, тұрғындар дал болмасын деп, ең алдымен төлем процедурасы ыңғайлы етіліп жатыр. “Севказэнергосбыт” осы тұрғадағы жетістіктерімен бөлісуде.

Мағауиа Сағындықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Бірыңғай ақпараттық-есептеуіш орталық жұмыс істейді. Мәселен, енді “Горгаз” бөлек, ал “Қызылжар су” бөлек түбіртек жібермейді. Барлық коммуналдық қызметтер бойынша бір квитанция жазылады. Былайша атқанда, қағазбастылықты қысқартып отырмыз.

Бірақ, квитанцияны алу бір бөлек болса, берешекті өтеу бір бөлек. Бұл үшін бұрынғыдай жарты қаланы айналудың қажеті жоқ. Сауда орындарында терминалдар тұр. Биылдан бастап сайт та жұмыс істейді. Мұның әлдеқайда тез әрі ыңғайлы екені айтпасақ та түсінікті. Дегенмен, 86 мың абоненттің тек 3 мыңы ғана қарызын интернет арқылы өтеуді құп көреді. Мамандар тұтынушыларға жеке кабинетті қолдануға кеңес береді, өйткені мұнда мүмкіншіліктер молынан.

Мағауиа Сағындықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Сайт арқылы тұтынушылар барлық коммуналдық қызметтер бойынша қарызын біліп, оны төлей алады. Су мен газ бойынша есептеуіш құрылғы көрсеткіштерін де қалдыруға болады. Әр қызмет түрінің тарифі жазылған. Көбі бізге “алдайсыңдар” деп кінәлап жатады. Сол себепті, сайт парақшасында тариф калькуляторын жасадық. Есептеп, бәрін тексеремін дегендерге – мархабат.

Бірақ, интернеттің тілін түсінбейтін тұрғындар үшін, ал бұл – әсіресе, егде жастағылар, коммуналдық қарызды өтеудің бұрынғы әдістері сақталынған. Баяғыша, “Севказэнергосбыт” ғимаратына келіп, төлемді касса арқылы жасауға болады. Ұзын-сонар кезектерді азайту үшін биыл қосымша терезе да ашылған. Ал шаһардың шалғай аудандарында тұратын тұтынушыларға “Севказэнергосбыт”-тың өзі жақындай түсіпті.

Мағауиа Сағындықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– 19-шы, 20-шы және Юбилейный шағын аудандарында тұратын қалалықтарға арнап “City Mall” кешенінде төлемдерді қабылдау пунктін аштық. Көп тұтынушыларымыз жұмыс күндері бос болмай жатады. Сондықтан, пункт аптасына 7 күн жұмыс істейді.

Тағы бір маңызды мәселе – абоненттермен кері байланыс. Серіктестік телефон арқылы азаматтардың ұсыныс-шағымдарын тыңдап, көрсеткіштерді қабылдайды.

Ирина Новицкая – “Севказэнергосбыт” ЖШС байланыс орталығы басшысының міндетін атқарушы:

– Біздің нөміріміз – 500-666. Қоңырауларды демалыс және мерекелік күндерге қарамастан таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін қабылдаймыз. Бізге есептеуіш құрылғылардың көрсеткіштерін беруге болады, қарыз мөлшерін білуге болады. Жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да қызмет көрсетеміз.

Байланыс орталығы айына 30 мыңдай қоңырау қабылдайды. Жұртшылық көп жүгінгендіктен, қоңыраулар қабылданбай жататын жағдайлар да болған, биылға дейін. Ал енді орталыққа хабарласқан жанға оператордың жауабын күтудің қажеті жоқ. Трубкаға тиісті ақпаратты айтсаңыз жеткілікті. Ол жазылып алып, кейін өңделеді.

Саят Ермек