Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге инвестиция тарту

Қаңтар-тамыз айлары аралығында өңірдің негізгі капиталына 122 жарым млрд теңге көлемінде инвестиция түсіпті. Өсім 114 пайызды құрайды. Көрсеткіш алдағы уақытта артуы тиіс. Себебі, келешекте аққайыңдар өлкесінде 46 инвест-жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жайлы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Хаировтың қатысуымен өткізілген жиында айтылды.

Ресей, Қытай, Италия, АҚШ және тағы да басқалары! Қазір Қазақстан – әлемнің көптеген мемлекетімен сенімді серіктес. Осының арқасында бізге сырттан қыруар қаржы құйылып, ауқымды шаруа атқарылуда. Дегенмен әлі де іске қарқын қосу қажет. Ол үшін елімізде инвестклимат жақсартылып жатыр. Мысалы, бүгінде әр облыста фронт-кеңселер жұмыс істейді. Біздегі офис “Даму” қорында орналасқан. Мұндағы жұмыспен Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Ерлан Хаиров танысты. Кейін, жиналғандар дөңгелек үстел басына жайғасты. Талқыланатын тақырып – өңірге инвестиция тарту.

Ерлан Хаиров – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі:

– Қазіргі күні еліміздің химия, мұнай химиясы, металлургия, машина жасау және азық-түлік өндірісі салаларында еңбек еткісі келетін инвесторларға мынадай жағдай жасалады: қалталы азамат іске 13 млн доллар көлемінде ақша бағыттаса, ол бірден салықтың 3 түрінен босатылады. Оның үстіне сырттан жұмыс күшін тарта алады. Бірақ, қазақстандықтарды да еңбекпен қамтиды.

Бұдан өзге де жеңілдіктер жетерлік. Оның барлығын Ерлан Хаиров жіпке тізді, жиналғандарға бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Тағы, жоспармен де бөлісті. Келешекте тоқыма және азық-түлік өндірісінде еңбек етуге ниетті инвесторларға өте тиімді жағдай жасалмақ. Мәселен, аталған салаларды таңдаған шетелдік немесе отандық азамат іске 13 емес, 6-7 млн доллар көлемінде қаржы құйса болғаны, мемлекеттік көмекке үміт арта алады. Бұл бағытта жұмыс істеуге СҚО-ның мүмкіндігі зор. Орналасқан жеріміз жақсы.

Ерлан Хаиров – ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:

– Солтүстік Қазақстан стратегиялық тұрғыда өте қолайлы жерде орналасқан. Азық-түлік өндірісіндегі тауарларды Ресейге оңай саудалай алады. Өнімдерді Қытай Халық Республикасына да жеткізуге болады. Сондықтан, бұл бағытта жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Жалпы, өңірдегі атқарылған іске жақсы деген баға беруге болады. Инвесторларды тарту мақсатында құрылған фронт-кеңсеге көңілім толды.

Елшінің көңілі толатын себеп бар. Қазіргі күні өңіріміз инвестиция тарту көрсеткіші бойынша республикада алдынғы қатарда. Қаржының басым көпшілігі әрине ауыл шаруашылығы саласына бағытталыпты.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Біз соңғы 10 жылға қорытынды жасадық. Сонда өңіріміздің инвестиция тарту көрсеткіші республикалықтан және кейбір облыстардағыдан асып түскеніне көзіміз жетті. Біз қазір бұл бағытта қызу жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде теріскейде қалталы азаматтардың санын арттыруға арналған 3 институт бар. Олардың басшыларымен үнемі кездесіп, жиын өткізіп тұрамыз. Аймақ басшысына да әр апта сайын жобалар бойынша баяндама жасаймыз.

Өңірдің жоспары да ауқымды. Алдағы уақытта аққайыңдар өлкесінде 46 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Істің жалпы құны 580 млрд теңгені құрайды. Мұндай бастамаға Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Хаиров жоғары бағасын берді. Ол Солтүстік Қазақстандағы көрсеткіш еліміздің кейбір облыстарындағыдан әлдеқайда көп екендігін мәлімдеді. Және теріскейлік іскер жандардың бастамасын қолдауға әр уақытта да дайын екендіктерін жеткізді.

Байболат  Култанов