Спорт

Спорттық акробатикадан ел чемпионаты өтуде

Петропавлда жасөспірімдер арасында спорттық акробатикадан ел чемпионаты бастау алды. Додаға еліміздің 7 облысынан 160-тан астам спортшы жиылды. Үш күндік байрақты бәсекеде олар өзара мықтыны анықтамақ.

Дүбірлі додада бірінші болып Орал қаласының командасы өнер көрсетіп жатыр. Ұлдар түрлі акробатикалық жаттығулардан құралған күрделі хореографиялық нөмірді ұсынды.

Нұрәлі Науфалов – жарысқа қатысушы, Орал қаласы:

– Бұл спорт түрімен 4 жыл айналысамын. Бүгін күрделі трюктарды көрсеттік. Көрерменге ұнады деп ойлаймын.

Ал ендігі кезек – жерлестерімізде. Қыздардың акробатикамен жұп болып өнер көрсетіп жүргендеріне – 2 жыл. Бұл олардың алғашқы чемпионаты емес, сол себепті жеңістен үміттері бар.

Анастасия Черепанова – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Жарысқа 1 ай бойы тыңғылықты дайындалдық. Күніне екі реттен жаттықтық. Өз басым бұл спорт түрімен 5 жыл айналысамын. Бүгін акробатикалық трюктердің бәрі жақсы шықты деген ойдамын.

Қазақстанның түкпір-түпірінен жиналған ұл-қыздар түрлі акробатикалық трюктерді асқан шеберлікпен орындап жатыр. Жалпы, жарысқа еліміздің 7 облысынан 160-тан астам атлет келген. Жеңімпаздар ел намысын халықаралық чемпионатта қорғайтын болады.

Ринат Белогонов – спорттық акробатикадан облыстық МБЖСМ директоры:

– Бұл жарыста ең мықтылар өнер көрсетуде. Чемпионатта гимнастардың акробатикалық жаттығуларды орындауы, техникасы мен нөмірдің хореографиясына баса мән беріледі.

Айта кетейік, жеңімпаздарға дипломдар мен кубоктар табысталмақ.

Дана  Ешкенова