Қоғам

Банкирлер мен пошташылар сайысты

Банк пен пошта қызметкерлері күнделікті кеңселік жұмыстарынан бір сәтке босап, “Қарасай” стадионында бас қосты.

1-ші кезеңде нәзікжандылар сынға түсті. Олар 60 метрді бағындырулары тиіс.
Бақ шаба ма, бап шаба ма, әзірге белгісіз. Дегенмен, арулар мәреге бірінші жету үшін барларын салуда. Әріптестерінің қолдауы да ерекше. Олар команданың әр мүшесіне барынша демеу беруде. Гүлфира Көпжанова Қазпоштада қызмет етеді. Бұл арудың бас көрсететін жалғыз сайысы емес. Алдында тағы бірнеше эстафета бар.

Гүлфира Көпжанова – “Қазпошта” АҚ СҚОФ құрамасының мүшесі:

– Шынымды айтсам, өзімнің көрсеткен нәтижеме көңілім толған жоқ. Бірақ, алда тағы түрлі кезеңдер бар. Сол сайыстарда жеңуге тырысамын. Ал 60 метрге жүгіруде менен бөлек тағы 3 әріптесім қатысып жатыр. Оларға сәттілік тілеймін.

Мына жерге тепсе темір үзетін жігіттер жиналған. Олар қазір белтемірге тартылып, үздік нәтиже көрсетуге білек сыбана кірісіп кеткен. Қатысушылардың біріне спорттың бұл түрі мүлдем жат болса, енді бірі арнайы орталыққа барып, кәсіби түрде айналысады екен. Солардың бірі – Қайрат Мамбетов.

Қайрат Мамбетов – “ҚТҮҚЖБ” құрамасының мүшесі:

– Бүгінгі жарысқа командамен бірге барынша дайындалдық. “Дені саудың – жаны сау” демекші, өзім салауатты өмір салтын қолдаймын. Арнайы залға барып жаттығамын.

Қатысушыларды алда тағы 7 бірдей кезең күтіп тұр. Нәтижесінде үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етіледі.

Ақтолқын Солтанханқызы