Қоғам

Қала тұрғындары сенбілікке қатысты

Облыс орталығында Қарттар күні қарсаңында қайырымдылық сенбілігі өтті. Акцияға мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен басқа да ұйымдардан жалпы саны 6 мыңға жуық адам қатысты. Тазалыққа жаны құмар жандар мәдениет және демалыс саябағынан мың тонна қоқыс жинады.

Таңмен таласа оянған пысық жандар қайырымдылық сенбілігіне атсалысып жатыр. Қолдарына сыпырғыш пен тырнауыш ұстап, саябақтың ішін тазалауға белсене кірісіп кеткен. Теріскейлік қауым жиі келіп, тынығатын орында қоқыс айтарлықтай көп емес. Дегенмен, сарғайған жапырақтар мен қураған шыбықтар жерде жатыр. Облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Орал Жанатов акцияға жылда қатысады екен.

Орал Жанатов – СҚО тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары:

–  Сенбілікке тілдерді оқыту орталығынан бүкіл ұжым болып келдік. Айналамыз таза болса, көңіліміз тоқ болып, жақсы көңіл-күйде жүреміз.37 Жастарымыз көрсе, өздері бізбен бірге істесе, қоқысты шашпауға тырысады.

Ольга Суслова сенбілікке ұлымен бірге келген. Келіншек үлкендер тарапынан жасалған мұндай игі іс өскелең ұрпаққа үлгі болары шүбәсіз екенін айтады.

Ольга Суслова – СҚО экономика басқармасының бөлім басшысы:

– Өзім осы саябақта серуен құрғанды қатты ұнатамын. Қазір ұлымыз екеуміз қоқыс жинап жатырмыз. Балама табиғатқа қамқорлықпен қарауды сөзбен емес, іспен көрсеткім келеді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Қарттар күніне арналған қайырымдылық акциясына қаламыздан 550-ге жуық ұжым қатысты. Яғни, жұдырық болып жұмылған 6 мыңдай адам тазалықты сақтауға өз үлестерін қосты.

Амангелді Сатанов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының баспасөз қызметшісі:

–  Осында барлық мемлекеттік қызметкерлер келді. Басқа да қалалық спорт және білім сынды ұжымдар келді. Бәріміздің мақсатымыз – қаланы таза ұстау. Баршаны осындай акцияға қатысуға шақырамыз. Тек сенбіліктерге ғана емес, басқа күндері де мұндай шараға қатысыңыздар.

Жалпы, сенбілік барысында мәдениет және демалыс саябағынан мың тоннадан астам қоқыс жиналып, қала сыртына шығарылды.

Маржан Касымбек